Экологиялық таза тынығу. Экологпен сұхбат

10 Маусым 2024, 19:19
502
Бөлісу:
Экологиялық таза тынығу. Экологпен сұхбат
Фото: автордан

Ертіс өңірінде бірнеше күннен соң жазғы туристік маусым ресми түрде ашылады. Тынығушылардың алғашқы легі арнайы бағдарлама бойынша Баянауыл ауданының көрікті жерлерін аралай алады. Бірегей ұсыныс шеңберінде қонақтар үшін sup-тақтайшаларман Жасыбай көліне жүзу, Кемпіртас, Әулиебұлақ, Қандыағаш тоғайы сияқты жерлерге саяхаттар ұсынылады. Бұл тұрғыда павлодарлық эколог Марина Поухпен тілдесіп, қоршаған ортаға зиян келтірмей демалу төңірегінде әңгімелескен едік.

- Бүгінгі таңда «экотуразим» деген ұғымды жиі естіп жүрміз. Саяхатшылардың жеке блогы болсын, осы тақырыпқа арналған мақалалар болсын, бұл термин сәнге айналғандай. Оның түпкі мағынасы неде, қалай түсінген жөн?

- «Экотуризм» ұғымын ғылымға 1983 жылы мексикандық эколог Гектор Себальос-Ласкурайн енгізді. Маман Юкатан аралында салынып жатқан айлақтың құрылысына қарсы болып, сол жерде мекендейтін фламинголардың өміріне алаңдаушылық білдірген. Сол сәтте аралға келуге қызығушылық білдірген туристер күрт көбейіп кетті. Эколог осы уақытта «экотуризм» сөзін бірінші рет қолданған. Яғни, бұл басқаша айтсақ, қоршаған ортаға зиян келтірмеу, жауапкершілікпен демалу дегенді білдіреді.

- Павлодар өңіріне ойыссақ. Баянауыл ауданының өзіне бір жазғы маусымда 200 мыңнан астам турист келіп кетеді. Біздегі тынығушылардың іс-әрекеті қандай? Экотуризмге қатысты не айтар едіңіз?

- Облысымыз бірінші кезекте Баянауыл ұлттық паркімен танымал. Жыл сайын мыңдаған турист келіп, көрікті жерлерімізбен тамсанады. Туристік экскурсия жетекшілерінің басым бөлігі демалушыларға сапар алдында қоқысқа арналған қапшықтарды алып шығуға кеңес береді. Бұл – экологиялық туризимнің бір бағыты. Осылайша, жаяу экскурсиялар барысында жол-жөнекей тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаның жағдайын жақсартады. Бүгінгі таңда экологиялық тынығудың өзектілігі артып отыр. Сәнге айналды десе болады. Мәселен, әлемде 2002 жылы экотуризм ережелері сақталған аймақтардағы курорттарда кіріс көбейген. Статистикалық органдар таратқан мәліметтерге сүйенсек, дамыған елдерде экологиялық туризмнен келген қаражат 77 млрл долларды құраған. Екі жылдан соң табиғи туризм көрсеткіші үш есе артты. Қазақстанда бұл бағыт дамып жатыр. Десе де, ресурстарымыз тиімді пайданылмай келеді. Мәселен, кейді қонақтарымызға барынша қолайлы жағдай жасауға тырысып, қонақүйлер салып жатамыз. Ал шетелдік туристер табиғат аясында, палаткаларда қонғысы келуі мүмкін. Сұраныс басқа болуы ықтимал.

- Сонда экологиялық туризм қоршаған ортаны қорғаумен шектелмейді ғой? Өзге де мақсаттары бар.

- Әрине. Біріншіден, қаржы жағы. Екіншіден, халық арасында экологиялық сананы қалыптастыруға атсалысу, мәдени мұраны қорғау. Үшіншіден, туризм индустриясын дамыту және жергілікті қауымдастықтың әл-ауқатын жақсарту. Соңғысына нақты тоқталып өткім келеді. Мәселен, мамыр айында Алматы өңіріне барып, Шарын шатқалында болдым. Сол жерде жергілікті тұрғындар келушілерге қызмет көрсетуді оң жолға қойған. Мәселен, меймандарға ұлттық тағамдар әзірлеп, кемпингтер ұсынады. Бұл бірінші кезекте жергілікті халықтың экологиялық жауапкершілігін арттырады. Пайда көзіне де айналып отып. Біздің Баянауылда да бұл бағыт қарқынды дамыса деген ниет бар.

- Өңірімізде экотуразим мен экосаяхаттың қандай түрлері бар?

- Мәселен, Павлодар қаласында әуесқой орнитолог Кәрімжан Жәкенов деген азамат тұрады. Ол құрметті демалысқа шыққан соң құстарды фотоға түсірумен айналыса бастаған. Бүгінде аймағымызды тіршілік ететін жүздеген құстарды түсіріп алған. Әуесқой «Павлодар география Үйі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде өңірімізге қызығушылық танытқан азаматтарға құстар әлемі туралы айтып, қанаттылар мекендейтін орындарға фотосаяхатқа да барады. Дәрістер оқиды. Тіпті, бірнеше рет жеке көрмесін ұйымдастырған. Бұл да – экотуризмнің бір түрі. Түрлі трек, яғни, жаяу жүретіндерге арналған бағыттар, сапарлар. Ертіс өзенінің жайлаған аймақта зен бойымен саяхаттау да дамып келеді. Әдетте, экосаяхат жасау үшін адам көп жүре бермейтін жерлерде ұайымадстырылады. Өйткені, адам аяғы баспаған жерлерде от жағуға тыйым салынуы мүмкін. Осыны көре тұра жауапкершілікпен қарап, жүрген жерімізді тазалықта ұстаймыз. География үйінің белсенділері Ертістің бойымен қайықпен жүзу шарасын да ұйымдастырады. Бірнеше күндік сапар аясында бірлестік мүшелері өзге демалушылардан қалған қоқыстарды жинайды. Бұл шара соңғы бірнеше жыл бойы қолға алынып келеді. Осы тектес мысалдар жетерлік.

- Әр адам экологиялық туризмге теңізге тамған тамшыдай болсын, үлесін қоса алатыны белгілі. Бірақ, бұл туралы біле бермеуіміз мүмкін. Туристерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Қоршаған ортаны қорғау – ортақ борышымыз. Табиғатымызды аялап, қамқор болу қарапайым әрекеттерден басталады. Сонда тұрғындар арасында экологиялық сана оянып, дамиды. Мәселен, алыс шетелге барарда экологиялық «әдеттері» әуетасымалдаушыларды таңдауға болады. Тасымалдаушылардың арасында қайта өңделген қағаз, пластиктен жасалған заттарды пайдаланатындары бар. Бүгінде бұл үрдіс кеңінен дамып келеді. Жая сапарларға шыққанда, үлкен қалалардың көрікті жерлерін аралаған кезде қағаз карталарды емес, ұялы телефондағы арнайы бағдарламаларды пайдалануға болады. Осылайша, қоршаған ортаға тасталатын қағаз қалдықтарын азайтып, сөмкеңіздегі жүктің салмағын да азайтасыз. Осындай әдеттер де экологиялық сана қалыптастыруға көмектеседі.

Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы