Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Экология мәселелерін шешу қажет. Бұл салада күрделі түйткілдер бар екенін жақсы білесіздер. Экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет.
Бүгінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиілеп кетті. Бұған адам факторы және экологиялық ахуалдың өзгеруі әсер етіп жатыр. Итбалық Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұл жануардың жойылып кетпеуін және оның санын бұрынғы қалпына жеткізуді мен тікелей бақылауда ұстап отырмын.
Жазда Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтына бардым. Бұл мекеме итбалықтардың азаю себебін зерттейді. Мұндай маңызды мәселеге кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Бұған дейін Маңғыстау облысындағы итбалықтарды сақтау үшін мемлекеттік табиғи қорықтар құру жоспарланған болатын. Экология министрлігі бұл жұмысты тездетіп, тиісті шешім қабылдауы керек», - деді Президент.
Мемлекет басшысы итбалықтар мен балықтар мәселесіне де тоқталды.
«Итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуын анықтау үшін Каспий теңізінің айдыны мен жағалауында зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізген жөн. Үкімет өкілетті органдарды теңізде жұмыс істеуге қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге тиіс. Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу қажет.
Браконьерлер балықтың көбеюіне кесірін тигізіп, теңіздің экожүйесіне зардап келтіріп жатыр. Каспий теңізінің тартылуы – айрықша өзекті мәселенің бірі. Теңіз деңгейі 2005 жылдан бері бір метрден аса төмендеп кеткеніне бәріміз куәміз. Судың тартылу себебі мен оның салдарын жан-жақты зерттеу керек
Осы орайда, Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептеймін. Сондай-ақ, Үкімет Каспий жағалауында орналасқан өзге мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз жұмыс істеуі керек», - деді ол.
Президент су мен экология мәселесін де баса айтты.
«Облыс халқы өндірістік қалдықтар суды және ауаны ластап жатқанын айтып, жиі дабыл қағады. «ҚазАзот», «МАЭК-Қазатомпром», «CASPI BITUM», «Маңғыстаумұнайгаз» сияқты мекемелердің үстінен шағым түсіп жатыр. Әрине, табиғатқа залал келтіргені үшін салынған айыппұлдың көлемі экологияға тиген зардаптың орнын толтырмайды.
Бұл компаниялардың қоршаған ортаны қорғауға, ескірген құрал-жабдықтарды жаңартуға, заманауи тазалау технологиясын орнатуға қатысты міндеттемелері бар. Экология министрлігі кәсіпорындардың Экологиялық кодексті сақтауын қатаң бақылауға алуы керек», - деді ол.
Қошқар-Атадағы» қалдық қоймасын ретке келтіру – аса маңызды жұмыс.
Онда 66 шаршы шақырым жерге 100 миллион тоннадан аса зиянды қалдық көмілген. Былтыр онда менің тапсырмам бойынша ауқымды жұмыс басталды. Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылға дейін жүзеге асырылады. Оған қажетті қаржы толығымен бөлінді. Жұмыс барысын қатаң бақылауда ұстау қажет.
Өкілетті органдар қазірден бастап жобаның екінші бөлігін дайындай бергені жөн. Шетпедегі заңсыз қоқыс төгуді және карьер жұмыстарын жүргізуді доғару керек. Бұл қалдықтарды жою жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. «SAT Operating Aktau» компаниясынан қалған қауіпті химиялық қалдықтарды жоюға және көмуге баса мән берген жөн.
Бұрынғы Химия гидрометаллургия зауытының радиациялық қалдықтарын да залалсыздандыру керек. Бұл қалдықтар тұрғындар мен табиғатқа қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қаракөл жасанды көлі – Маңғыстау облысындағы ерекше көрікті жер. Бұл жерге көктемде және күзде құс көп келеді. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген қызғылт қоқиқаз бар. Экологтар көлдің тартылып бара жатқанын айтып жүр. Ондағы ахуалдың өзгеруін жұрт Шора каналына салынып жатқан көпірмен байланыстырады. Осы мәселені шешудің түрлі жолдары бар. Үкімет оны мұқият зерттеуі қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Бөгенді сақтау өте маңызды. Жердің шөлейттенуі – өңірдегі өте өзекті мәселенің бірі.
Топырақ жылдан жылға құнарсызданып барады. Көшпелі құм тұтас ауылдардың тыныс-тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін. Жердің шөлге айналуын тоқтату үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ оның тиімділігі шамалы болып тұр.
Бұл ретте, сексеуіл егу ісі тиімді болып отыр. Бұл аймаққа іргелес елдерде де осындай жұмыс жақсы нәтиже көрсетуде. Өңірдің экологиялық мәселелері бойынша тәуелсіз экологтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және кәсіпорын өкілдерімен бірлесе жұмыс істеу қажет. Бұл жұмысқа жоғары білікті халықаралық сарапшыларды тарту маңызды.
Құзырлы органдар ашық және тиімді шешім қабылдаса, мемлекеттің, бизнес пен азаматтардың өзара жауапкершілігі жоғары болса, өңірдің экологиялық ахуалын айтарлықтай жақсартуға болады деп сенемін. Өңірді дамытуға қатысты негізгі басымдықтар – осындай. Әкімдік пен Үкімет бірлесіп, осы айтылған мәселелерді қарап, тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», - деді Президент.
Президент әр нәрсенің астарына үңіліп, бәріне мемлекет және ұлт мүддесі тұрғысынан қарау керектігін айтты.
«Мен әр өңірге барғанда жалпыұлттық маңызы бар мәселелерге тоқталып жүргенімді білесіздер. Каспий жағасынан сабыр мен ұстамдылық туралы ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Бабаларымыз «Сабыр түбі – сары алтын» деп бекер айтпаған.
Қазіргі алмағайып заманның беталысын көріп отырсыздар. Геосаяси ахуал күннен күнге шиеленісіп барады. Көптеген мемлекеттер қауіпсіздік тұрғысынан зардап шекті. Осы күрделі кезеңде бізге сабырлық және байыптылық ауадай қажет.
Әр нәрсенің астарына үңіліп, бәріне мемлекет және ұлт мүддесі тұрғысынан қарауымыз керек. Барлығын әп-сәтте бірден өзгертемін деуге болмайды», - деді ол.