Экология министрлігі Сырдария өзеніне қатысты түсініктеме берді

19 Қазан 2021, 11:17
1863
Бөлісу:
Экология министрлігі Сырдария өзеніне қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі Сырдария өзені бассейніндегі су шарушылығы жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.

Қызылорда облысындағы экологиялық жағдай Арал-Сырдария бассейнінің сулылығына тікелей байланысты. Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы циклы жалғасуда.

Сырдария өзенінің сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына байланысты және көбінесе «Тоқтоғұл» су қоймасында (Қырғызстан) судың жиналуымен айқындалады. Осы жылы Тоқтоғұл су қоймасында судың жинақталу көлемі 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем, вегетациялық кезеңнің басында Тоқтоғұл су қоймасында шамамен 15 млрд текше метр су жинақталған норма болып саналады. Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша су қоймасында 8,7 млрд текше метр ғана болды, бұл 2020 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 2,9 млрд-қа аз, - делінген хабарламада.
Нарын-Сырдария су қоймалары құламасы жұмысының энергетикалық режимге ауысуына байланысты Шардара су қоймасына ағын вегетациялық кезеңде азаяды және вегетация аралық кезеңде ұлғаяды.

Осыған байланысты Шардара су қоймасын су тастау және толтыру режимі Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларының жұмыс режиміне және көрші елдердегі су шаруашылығы жағдайына байланысты.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істейді. Су қоймасынан суды ағызу 50 м3/сек ағынмен жүзеге асырылады, келген судың көлемі 140 м3/сек құрайды. Шардара су қоймасынан су ағызу ағындылықтың ұлғаюына қарай көбейеді.

Сонымен бірге Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде вегетация кезеңі ағымдағы жылғы қазанның соңына дейін жалғасады. Сондықтан Шардара су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі ағымдағы жылғы қарашада Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-ші отырысында Сырдария өзенінің бассейні бойынша 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, 2021-2022 жылғы вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралатынын хабарлаймыз, - делінген мәлімдемеде.

Өзгелердің жаңалығы