Экология министрлігі Сенатқа жаңа заң жобасын ұсынды

6 Қазан 2022, 14:25
1935
Бөлісу:
Экология министрлігі Сенатқа жаңа заң жобасын ұсынды

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жаңа заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы»  ҚРЗ жобасын талқылауға ұсынды.

«Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ұсынылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырманы орындау мақсатында Жаһандық жасыл өсу институтына қосылу жөніндегі заң жобасы әзірленді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында декарбонизациялау саясаты аясында 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясы әзірленуде. Жаңа экологиялық кодекс қабылданып, өнеркәсіп салаларының ең озық қолжетімді технологияларға көшу жөніндегі реформаға жол ашты, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, бұл - жасыл инвестиция тартылып, жасыл қаржы көзі нарығы арқылы төмен көміртекті жобалар енгізіледі деген сөз.

Жасыл таза жобалары қаржы көзі мен қолдау тауып, елімізде халықаралық қаржы құралдары, қорлары және ұйымдарымен жұмыс қарқыны өседі. Жаһандық жасыл өсу институты дамыған және дамушы экономикасы бар елдерге жасыл өсу саласындағы жоспарлар мен саясаттарды іске асыруға жәрдемдеседі. Институттың негізі 2010 жылы қаланған және негізгі қызметі «жасыл өсу» деп аталатын экономикалық өсудің жаңа моделін қолдайтын халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы. Институт ұйымға мүше елдермен және серіктестермен Климаттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жоспарлары мен жобаларын қолдауға қаражат жұмылдыру үшін жұмыс істейді. Институт елдер үкіметтеріне Париж келісім шеңберінде қабылданған жасыл өсу стратегиялары мен міндеттемелерге қол жеткізу жөніндегі Ұлттық жоспарларды әзірлеуде қолдау көрсетеді. Институттың қызметі келесі негізгі қолдау түрлерін қамтиды: экологиялық әсерді бағалау, стратегия мен жоспарлауды әзірлеу, қаржыландыруды тарту және жасыл жобаларды енгізу, сондай-ақ білім алмау, - деді министр.

Институт негізгі құралдардың бірі ретінде елдік бағдарламаларды (30-дан астам ел) әзірлеп, кейіннен жасыл экономикаға және орнықты даму қағидаттарын ілгерілету жөніндегі жобаларды іске асырады.

Сонымен бірге Институт климаттың өзгеруі саласындағы ең маңызды қаржы институты - Жасыл климат қорымен (ЖКҚ), климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конвенциясының қаржы тетігімен стратегиялық әріптестік орнатқанын атап өткен жөн. Келісімге қосыла отырып, Қазақстан қандай да бір міндеттемелерді қабылдамай, техникалық және сараптамалық көмек және Институттың білім базасына қол жеткізе алады. Баяндалғанды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Келісімге қосылуын қолдауды сұраймын, - деді Серікқали Брекешев.

Өзгелердің жаңалығы