Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Экологиялық кодекс еліміздегі, сондай-ақ Қарағанды облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналады. Бұл туралы «АрселорМиттал» Теміртау АҚ кәсіпорнында жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.
Оның айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Экологиялық кодекс экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің тәжірибесін ескере отырып, халықаралық тәжірибе негізінде әзірленді.
Осы жылдың 2 қаңтарында жаңа Экологиялық кодекске Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы қол қойды. Экологиялық кодекстің маңыздылығы оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметін реттеу сияқты бүкіл қоғамның мүдделеріне әсер ететіндігінде, - деді ол.
Министр кодекстің негізгі бағыттарына тоқталды. Соның маңыздысы - өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап жұмыс істейтін ірі кәсіпорындарды экологияландыру мақсатында ең озық қолжетімді технологияларды енгізу.
Сонымен қатар, қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті қатаңдату, базалық тәсілдің өзгеруі.
Егер бұрынғы кодекс төлеуге және ластауға мүмкіндік берсе, айталық, жаңа кодекс теріс салдарды болдырмауға бағытталған, айыппұлдарды төлеу ластаушылар үшін тым қымбат болады және олар жаңа технологияларды енгізуге, экологиялық шешімдер қабылдау кезінде тұрғындардың пікірін ескеретін болады. Қазақстанда да, бүкіл әлемде де жұртшылықтың экологиялық проблемаларға деген көзқарасы ерекше екенін көріп отырмыз. Жаңа Экологиялық кодекс жұртшылықтың пікірін толық ескеруге және іске асыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, Экологиялық кодекс Қазақстандағы, сондай-ақ Қарағанды облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналуы тиіс.
Өз кезегінде кәсіпорын басшысы жаңа Экологиялық Кодекс аясында өндіріс орнының жұмысымен таныстырды.
Сондай-ақ, жиын барысында өндіріс ошақтары орналасқан өңірлерде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларға баса назар аударылатыны аталып өтті. Кәсіпорында экологиялық ахуал мен ауаны ластаушы газдардың мөлшерін төмендету бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтылып, өзге де ұсыныстар ортаға салынды.