Қазақстанда экологиялық білім беру жобасы іске қосылды

3 Маусым 2020, 20:42
3484
Бөлісу:
Қазақстанда экологиялық білім беру жобасы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік Қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы және ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы экологиялық білім беруді дамыту жөніндегі жобаны іске қосты.

Аталған жобаның мақсаты азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру және тұрақты даму ұстанымдарына негізделген қоғамдық экологиялық мәдениетін дамыту болып табылады.

Жобаның негізгі нәтижесі - 6 мыңнан астам мұғалімді даярлау және қоршаған ортаны қорғау, табиғатты пайдалану және экологиялық және экономикалық қауіпсіздік саласындағы оқу-әдістемелік құралдарды құру, - дейді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Жоба аясында түрлі деңгейдегі 17 білім беру ұйымдары ресурстарды үнемдейтін жасыл технологиялармен жабдықталады. Мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыру үшін экологиялық мәдениет туралы әдістемелік материалдар дайындалады. Сондай-ақ, "Әлемді тану" пәні бойынша 1-4 сынып оқушылары тақырыптық тақта ойындары мен интерактивті видео сабақтарды пайдалана алады.

Бірлескен бастама барлық деңгейлердегі мемлекеттік білім жүйесінің ажырамас бөлігі болатын тұрақты даму үшін үздіксіз экологиялық білім берудің кешенді моделін құрудан басталады.

Жоба табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, мемлекетті толыққанды және тұрақты дамыту және заңнаманы жетілдіріп, Қазақстанның білім беру жүйесіне экологиялық білім беруді қосуға арналған құқықтық шеңберді қалыптастыру үшін қажетті қоғамның экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған, - деп мәлімдеді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Экологиялық білім климаттың өзгеруі, биоәртүрлілікті сақтау, рационалды тұтыну және өндіру сияқты жаһандық тұрақты даму күн тәртібінің маңызды аспектілерін қамтиды.

Жобаны жүзеге асыруда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (2020-2024 жж.) қолдау көрсетеді.
Өзгелердің жаңалығы