Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірдің негізгі проблемалары: күрделі экологиялық ахуал, ауызсу сапасының төмендігі, салық түсімдерінің үлесі 90 пайыздан асатын қала құраушы кәсіпорынға деген тәуелділік деңгейінің жоғарылығы, оған қоса экономиканың әлсіз әртараптандырылуы, халықтың кетуі. Ал әлеуметтік бағытта денсаулық сақтау және білім беру салаларында кадрлардың тапшылығы байқалады, инженерлік инфрақұрылымның тозуы 80 пайыздан асады, - деп атап өтті өңір басшысы.
Айтуынша, аймақта апаттық жағдайдағы үйлер көп. Оған облыстық көлік дәліздерінен алыс жатқандығы себеп болып отыр. Оның үстіне, экономиканың дамуына да бұл мәселе ықпал етеді.
Апаттық тұрғын үй үлесі жоғары, жолдардың тозу деңгейі шамамен 30 пайыз және елдің негізгі көлік дәліздерінен қашықтығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері мен жеміс-көкөніс дақылдарының негізгі түрлерін өсіру мүмкіндігінің жоқтығы негізгі азық-түлік өнімдері бойынша бағаның өсуіне әсер ететін және облыс экономикасының дамуын тежейтін негізгі факторлар болып саналады, - деді Берік Әбдіғалиұлы.