Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Екінші сәбиін күтіп жүрген: Германиядағы экс-судья өліміне қатысты тың дерек шықты

Бүгiн, 16:01
271
Бөлісу:
 instagram.com/podslushano.de
Фото: instagram.com/podslushano.de

Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты істің жаңа жайттары белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сайлыбаевтар отбасының адвокатының айтуынша, Айгүл 2015 жылы Ұлыбританияда Александр Донцовпен танысқан. Кейін екеуі шаңырақ көтеріп, қызды болған. Уақыт өте келе отбасы ішіндегі қатынас нашарлап, жанжал жиілеген. Әсіресе, Айгүлдің енесі Наталья Донцовамен арасы күрделі болған. Ол бұрын тергеуші әрі нотариус болып жұмыс істеген, 2018 жылы ЛДПР партиясынан Мәскеу мэрі сайлауына кандидат ретінде қатысқан. Басылым дерегінше, Германияға көшу туралы шешімді де сол талап еткен.

2024 жылғы 4 маусымда Айгүл із-түссіз жоғалып кеткені анықталды. Қазақстандағы туыстары байланысқа шыға алмай дабыл қаққан, ал күйеуі оның қайда кеткенін нақты түсіндіре алмаған. Бір аптадан астам жүргізілген іздестіру жұмыстарынан кейін жергілікті көл маңынан чемодан ішіне салынған әйел адамның дене қалдықтары табылды. Сараптама оның Айгүл Сайлыбаева екенін растады. Сондай-ақ оның қаза болған кезде жүкті болғаны анықталған.

Сондай-ақ Айгүл жоғалған түні енесі Наталья Донцованың Германиядан ұшып кеткені туралы ақпарат тарады. Әуежайдағы камера жазбаларынан оның қолы жарақаттанғаны байқалған. Кейін Донцовтар тұрған үйден жуылған қан іздері мен болжамды қылмыс құралы табылған. Тергеу материалдарында күйеуінің пәтері мен жертөлесінен, сондай-ақ енесінің көлігінен қан іздері анықталғаны көрсетілді. Табылған заттардың бірінен Айгүл мен Наталья Донцованың ДНҚ-сы бар болуы мүмкін деген дерек келтірілді.

Отбасы адвокатының нұсқасына сәйкес, 4 маусым күні ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Айгүл күйеуінің қызына жасырын түрде Ресей азаматтығын рәсімдеп жатқанын біліп қойған болуы ықтимал. Жанжал кезінде ол құлап, басынан жарақат алған. Кейін оған ауыр затпен соққы жасалған деген болжам айтылды. Сот-медициналық сараптама қорытындысында денені бөлшектеуге әрекет жасалғаны және мәйіттің шамамен бір жарым апта бойы мұздатқышта сақталғаны көрсетілген. 16 маусымда еріктілер оның денесін көл маңынан тапты.

БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Наталья Донцова мен оның ұлы Александр Мәскеуде тұрып жатыр. Александр Ұлттық зерттеу университеті "Жоғары экономика мектебінде" жұмыс істейді. Айгүл Сайлыбаеваның жақындары істің әділ қаралып, кінәлілердің сот алдында жауап беруін талап етуде.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 5 маусым күні Франкфурт-на-Майндағы Қазақстанның бас консулдығына Қазақстан азаматы Қанат Сайлыбаев Германияда әпкесі Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткенін хабарлаған болатын. Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы және “Болашақ” бағдарламасының түлегі. Сонымен бірге, ағасының айтуынша, Айгүл ұзақ уақыт бойы күйеуі мен енесінен зорлық-зомбылық көрген.

СІМ-де Германияда жоғалған қыздың ісі ерекше бақылауда екенін айтқан болатын.

Кейін Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германиядағы Бенсхайм қаласының маңынан табылған. Экс-судьяның денесінен пышақ жарақаттары табылған болатын.

2025 жылдың желтоқсан айының соңында БАҚ Александр Донцов пен оның анасы Натальяны Мәскеуде полицияға жеткізілгенін хабарлаған еді.

ҚР ІІМ Германияда қаза тапқан қазақстандық судья ісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын айтқан болатын.

Ал ҚР ІІМ Германияда мәйіті табылған судья Айгүл Сайлыбаеваның жұбайы мен енесіне Қазақстанның Ішкі істер министрлігі іздеу жариялады. Немістің Bild басылымы мәйіттің пластик пакетке салынғанын және әйелдің өлер алдында зорлық көргенін жазды.

Өзгелердің жаңалығы