Екібастұздық полицейлер «Тұсау кесер» рәсімін өткізді

21 Наурыз 2023, 09:30
945
Бөлісу:
Екібастұздық полицейлер «Тұсау кесер» рәсімін өткізді
Фото: stan.kz

Екібастұз қаласының тәртіп сақшылары полицейлік формаларын ұлттық киімге алмастырып, Әз Наурызды атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Ұлыстың Ұлы күнін атап өту полиция қызметкерлері арасында игі дәстүрге айналған. Осылайша, ұлттық мейрамның қадыр-қасиетін түсініп қана қоймай, келер ұрпаққа үлгі болуды көздейді.

Біз үшін көктем мерекесінің орны бөлек. Наурыз айында аталып өтілетін «Көрісу күні», «Алғыс айту күні» және «Әз Наурыз» бірінші кезекте табиғаттың жаңаруы, жаңғыруы, халықтардың бірлігі мен ынтымақтастығын паш ететін мерекелер. Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, әр үйге табыс пен амандық тілеймін, - дейді Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шакарғалиев.

Мерекелік шара «Атамұра» мәдениет орталығында өтті. Тәртіп сақшылары «Тұсау кесер» және «Сәлемдесу» салттарын көрсетті. Мереке Мадина мен Қанат Кәрімжановтардың ұлының бір жасқа толуымен тұспа-тұс келді. Ерлі-зайыптылар құқыққорғау органдарында еңбек етеді.

Тұсау кесер – ақсақалдарымыздан мұра болып қалға дәстүр. Біздің міндет – бұл құндылығымызды жоғалтпай, атадан балаға дарыта беру. Ата салтын құрметтеп өскен ұрпақ ертең ел қорғайтын, адал еңбек ететін азамат болып өседі, - дейді ата-ана.

Осы тектес шаралар өңірдегі полиция бөлімшелерінде ұйымдастырылды. 

Өзгелердің жаңалығы