Екібастұз жылу электр стансасының сегіз қазандығын жөндеу керек

13 Ақпан 2023, 19:23
768
Бөлісу:
Екібастұз жылу электр стансасының сегіз қазандығын жөндеу керек
Фото: автордан

Екібастұз қаласында жылу режиміне қатысты мәселені шешу үшін сегіз қазандық агрегатын жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, кеншілер қаласындағы жылуға қатысты жағдайды жылу маусымының соңына дейін реттеуге болады. Еске салсақ, бірнеше күн бұрын жылу таратушы ұйымның директоры Вадим Лесин жағдай маусым аяқталғанға дейін жөнделмейді деген пікір білдірген. Бірақ, атқарушы билік бұл пікірмен келіспейді.

Шаһардың жаңа жылу маусымына дайындығы – ең маңызды мәселе. Жылу электр станциясында он қазандықтың сегізін жөндеу қажет. Олардың бесеуі су жылытқыш, үшеуі энергетикалық. 

«Жылу электр станциясында ақаулар көбейген. Мәселен, қаңтар айында қазандық агрегаттары 17 рет тоқтаған. Салдарынан жылу нормативтері төмендеді. Ендігі мәселе – қалай әрекет ету керек? Біріншіден, «Екібастұзэнерго» компаниясы жылумен қамту жүйесіне техникалық аудитке тапсырыс берді. Екіншіден, біз ауқымды жөндеу науқанына дайындалып жатырмыз. Қазандықтарды күрделі мен жылу желілерін ағымдық жөндеуден өткізу керек. биылғы жылу маусымында 150-ге жуық ақау табылып, жойылды», - дейді аймақ басшысы Асайын Байханов. 

Айта кетейік, қаладағы негізгі магистальдік желілерінде гидравликалық сынақтар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, 350 шақырымдық құбыр ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Тағы 14 шақырымдық магистраль реконтрукцияланады. Осы аптада жетінші қазандық агрегатта күрделі жөндеу басталады.  Сегіз қазандық агрегатын жөндеуге 250-300 адам қажет. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта үш кмпания жөндеу шараларына кірісуге әзір. Жөндеу науқаны Орталық Азия энергетикалық компаниясы мен мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Әзірге жұмсалатын қаражат көлемі нақтыланбаған.

Еске сала кетсек, энергия таратушы ұйым өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес ағымдағы жылу маусымында Екібастұз қаласында небары алты күн бойы жылу жүйесі дұрыс жұмыс істеген. 

Өзгелердің жаңалығы