Екібастұзда ағаш шебері ұлттық нақыштағы балбауырсақ шығармақ

2 Тамыз 2019, 19:12
2276
Бөлісу:
Екібастұзда ағаш шебері ұлттық нақыштағы балбауырсақ шығармақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екібастұз қаласының тұрғыны Өркен Насбек отбасымен бірге ұлттық нақыштағы тәттілер шығаруды қолға алған. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

«Қазіргі таңда дастарханға көз салсақ, ұлттық болмысты білдіретін тәттілеріміз аз. Көбінесе сырттан сатып аламыз. Сондықтан ұлттық ою-өрнектермен айшықталған балбауырсақ шығарғымыз келеді. Бұл іске үйдегі келіндеріміз көмектеседі. Бұл тағамның құрамы өзгешелеу келеді. Оған жент, жылқының майы, мейіз және басқа да табиғи таза өнімдер қолданылады. Яғни, адам денсаулығына күш-қуат беретін өзіміздің отандық өнім болмақ», - дейді Өркен Насбек.

Негізгі мамандығы ағаш шебері ұлымен бірге балбауырсаққа арналған бірнеше қалып дайындаған. Ендігі мақсаты – мемлекеттік бағдаралма арқылы грант алып, отандық өнімді әрі қарай дамыту.

Екібастұз қаласы кәсіпкерлер палатасының менеджері Әділхан Әжібаевтың айтуынша, 2017 жылы Өркен Насбек «Бастау бизнес» жобасы бойынша білімін толықтырып, 240 мың теңге грантқа ие болған.

«Бұл бір айлық курс. Әрі қарай комиссияның алдында өздерінің бизнес жобасын қорғады. Мемлекет тарапынан ұсынылған қаржыға өз өнімдерін шығару үшін пеш сатып алып, өзінің тәттілерін шығарады. Келесі жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдаралмасы аясында 3 млн теңге көлемінде грант алу үшін конкурсқа қатыса алады. Ол үшін жеке есепшотында 300 мың теңге болу керек. Оның тың идеясы әрі қарай бизнесін дамыту үшін үлкен мүмкіндік береді», - дейді Әділхан Әжібаев.

Айта кетерлігі, биылғы жылы Екібастұз қаласы мен ауылдық аймағы бойынша 90 шақты адам өз бизнесін ашу үшін «Бизнес Бастау» жобасына қатысқан.

 

Өзгелердің жаңалығы