Екі жылда Тоқаев шешкен мәселелер мен қиындықтар

12 Маусым 2021, 09:54
4931
Бөлісу:
Екі жылда Тоқаев шешкен мәселелер мен қиындықтар
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы өтіп, ресми түрде жұмысына кіріскеніне бүгін, яғни 12 маусымда 2 жыл толады.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекетті 30 жылдай үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда өз орнын босатып берді. Сөйтіп, президент міндетін Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Кейіннен Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын жариялап, 9 маусымда 70 пайыздан астам дауыс жинап, бес жылға Мемлекет басшысы болып сайланды. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлын ұлықтау рәсімі көпке ұзаған жоқ. Небәрі үш күннің ішінде өткізілді. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені 14 маусымда Қырғызстан астанасы Бішкектегі ШЫҰ саммитіне баратын болды.

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар:

Азаматтардың несиесін кешіру

Тоқаев Президент болғаннан екі аптадан кейін, яғни 26 маусымда несиесін төлей алмай жүрген тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың қарызын кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, елде 578 мың 461 адамның несиесі кешірілген. Оның 51,1 пайызы толықтай жабылған.

Жарлыққа сай, күнкөріс көлемі 27 мың теңгеге жетпейтін адамдарға несие беруге тыйым салынды. Мұндай шешім олардың одан әрі қарызға батпауы үшін қабылданды.

Кәсіпкерлерді 3 жылға салықтан босату

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында оларды 3 жылға салықтан босатты. Осы уақыт аралығында бизнес өкілдері 380 миллиард теңгеге жуық табыс салығын төлемейді. Сәйкесінше, қаражаттары қалталарында қалады. Бұл заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді.

Зейнетақының бір бөлігін шешіп алу

Мемлекет басшысы 2021 жылдың 2 қаңтарында қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Соған сәйкес, 2021 жылдың 5 қаңтарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына қызметтің жаңа түрі - біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін жеке тұлғалардың ағымдағы банк шоттарын ашуға және жүргізуге рұқсат берді.

Оны мынандай мақсаттарға жұмсауға рұқсат етілді:

- Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу;

- Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу;

- Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу;

- Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу;

- Сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу;

- Жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда);

- Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру;

- Зейнетақы жинақтарын туысыңызға беру;

- Емделу.

Қоғамдық-саяси кеңістіктегі шешімдері:

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған бетте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын айтты. Бұл кеңес үш бағытта жұмыс атқарып келеді: саяси, экономикалық және әлеуметтік. Осы уақытқа дейін бес отырыс өткізіп үлгерді. Сайлау, жер, саяси партиялар және т.б. заңдардың қабылдануына қатысты бастама ең алғаш осы алаңда көтерілді.

Президенттік жастар кадрлық резерві

Мемлекет басшысының маңызды бастамаларының бірі – Президенттік кадр резервін жасақтау болды. Жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысып, жүйрік шыққан 300 азамат іріктелініп алынды. 2019 жылдың 26 желтоқсанында алғашқы жеңімпаздардың тізімі жарияланды.

Жер туралы заң

Биыл жерді шетелдіктерге сатуға қатысты мораторий аяқталатын болғандықтан, Тоқаев жаңа заң әзірлеуді және Жер комиссиясын құруды тапсырған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі Президенттің тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындады. Ол заң әуелі Мәжілістен, кейін Сенаттан қолдау тапқан соң, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Сөйтіп, 2021 жылдың 13 мамырында Тоқаев жаңа заңды бекітті.  

Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салынған.

Сонымен қатар мораторийге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар үшін жерді жалдау мерзімі ұзартылмайды. Осы заң күшіне енгеннен кейін жер шетелдіктерден қайтарып алынады.

Ал қандастарға жер учаскесі жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін беріледі. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады.

Әкімдерді сайлау және «барлығына қарсы» деген баған

25 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды.

Заң бойынша аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлау енгізіледі. Мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі де төмендетілді. Заңға қол қойылғаннан кейін барлық сайлау кезінде бюллетеньдерде «барлығына қарсы» деген баған пайда болады. Бұған дейін қазақстандықтарда мұндай құқық болмады, сондықтан сайлаушылар ұсынылған кандидаттардың біріне міндетті түрде дауыс беруі керек еді.

Енді елде барлығы 836 ауылдық округ әкімі жергілікті халық төте дауыс беру жолымен сайланады. Ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болған 2 жылының ішінде ерекше есте қалған оқиғалар:

Арыстағы жарылыс;

Алматыдағы Bek Air ұшағының құлауы;

Өзбекстанның ірі су қоймасындағы бөгеннің бұзылуына байланысты Түркістан облысы Мақтаарал ауданы ауылдарының су астында қалуы;

Теңіз кен орнындағы жұмысшылардың жаппай бас көтеруі;

Көпбалалы аналардың наразылық шеруі;

Қордайдағы жанжал. 

Былтырдан бері  коронавирус індеті оңайға соқпай тұр. COVID-19 көптеген державаның өзіне ауыр сын болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына байланысты халыққа Үндеу жариялап, елімізде 30 күндік төтенше жағдай енгізілді. Президент тапсырмасымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шұғыл түрде жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық стационарлар салынды. 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда елімізде бұл індетті жұқтырғандар саны 400 мыңнан асып кетті. Оның ішінде 4000-нан астам адам қайтыс болды.

Өзгелердің жаңалығы