Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі жоғары оқу орнының жаңа ректорлары сайланды. Бұл туралы Білім және ғылыми министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КЕАҚ Басқарма Төрағасы – ректор лауазымына Қанай Гүлмира Әмірханқызы сайланды. Ол философия ғылымдарының докторы (PhD).
Әр түрлі жылдары Гүлмира Қанай Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Ворвик университетінде (Ұлыбритания), Кембридж университетінде (Ұлыбритания) оқып, докторлық диссертациясын қорғады. Гүлмира Әмірханқызы Кембридж Университеті мен Назарбаев Университетінде қызмет атқарған.
Директорлар Кеңесі ұсынған кандидатуралар бойынша Республикалық комиссия мүшелері «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы – ректор лауазымына Біләлов Дархан Нұрланұлын сайлады.
Әр жылдары Дархан Біләлов Еуразия ұлттық университетінде, Солтүстік-Батыс университетінде (АҚШ) және Пенсильвания мемлекеттік университетінде (АҚШ) білім алған. Соңғы оқу орнында жоғары білім берудегі көшбасшылық бойынша докторлық диссертациясын қорғаған. Дархан Нұрланұлының БҰҰДБ, Дүниежүзілік банк, Назарбаев университеті, Пенсильвания мемлекеттік университетінде жұмыс тәжірибесі бар.
Басқарма төрағасы–ректорды сайлау 2 кезеңде өткізілетін ашық конкурс арқылы жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Республикалық комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, салалық кәсіподақтың және «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері кірді.