Жеңіс-75: Павлодарда екі тырнақалды топтама жарық көреді

12 Маусым 2020, 18:50
1441
Бөлісу:
Жеңіс-75: Павлодарда екі тырнақалды топтама жарық көреді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай екі бірдей кітаптың тұсауы кесілмек. Қазіргі уақытта қос еңбектің сынақ жүзіндегі нұсқалары жарық көрді.

Алғашқы кітап "Чтобы помнили" деп аталады. 500 беттік кітап Павлодар облысындағы іздестіру жасақтарының жұмысына арналған. Туындыға материалдарды әзірлеуге іздеушілермен қатар, кітапханашылар қауымы да атсалысты.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, осы тектес кітап бұрын-соңды шығарылмаған.

Кітап үшін материал жинақтамас бұрын қорымыздағы еңбектерді іздедік. Өкінішке қарай, небәрі жеті дереккөз таптық. Олардың үшеуі Кеңес дәуірінде басылып шықты, қалғаны отандық авторлардың еңбектері болып шықты. Олқылықтың орнын толтырғымыз келді, себебі, қорымызда іздестіру отрядтарының қозғалысы жайында материал тапшы.  Сондықтар, ұсыныс түскенде ойланбастан кірістік. Карантин кезінде ақпарат жинап, кітаптың мазмұны молайтуға тырыстық. Нәтижесінде тырнақалды туынды жарық көрмек. Осы тектес кітаптар әр кітапханада болуы керек деп ойлаймын. Бабалар ерлігі - ұрпаққа аманат, - дейді Шолпан Шахметова.

Айта кетейік, Павлодар облысы әу бастан іздестіру жасақтарының орталығы саналады. Қазіргі уақытта бірнеше жасақ бар. Бір жылдың ішінде қоғам белсенділері соғыс жылдарында Отан үшін ерлікпен қаза тапқан азаматтардың жаңа есімдерін анықтап, елден жырақта жатқандардың сүйегін көтеруде.

Екінші топтама Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралып, бейбіт өмірде тынымсыз еңбек еткен азаматтарға арналған "Жеңімпаздар" кітабы. Осы жылы туындының үш бірдей томы жарық көрмек.

Облыстық мұрағат директоры Мәншүк Байзелдинованың айтуынша, үш томда төрт мыңнан астам соғыс ардагері туралы өмірбаяндық дерек жинақталған.

Үш томдық жинақ 750 данамен жарық көреді. Мұрағатшылар тың деректерді жинақтау үшін 5 жыл бойы еңбек етті. "Жеңімпаздар" қалың оқырманның көңілінен шығады деген ойдамын, - дейді Мәншүк Байзелдинова.

Өзгелердің жаңалығы