Алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасы қалай өзгереді? Ұлттық қордың таза табысы қанша болады? Оптимистік және пессимистік сценарий бойынша экономикалық болжам қандай? Ұлттық экономика министрлігі алдағы жоспарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің мәлімдеуінше, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы жаңа жағдайларға сәтті бейімделіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 3,2% деңгейінде өсуіне қол жеткізді. Тауар өндірісі 3,5 %-ға, көрсетілетін қызметтер өндірісі 2,5 %-ға өсті.
2022 жылы әлемдік экономика COVID-19 пандемиясынан енді ғана қалпына келе бастады, ол геосаяси қарсылық, Қытайдағы ковидке қарсы қатаң шаралар, әлемнің жетекші елдеріндегі инфляциямен белсенді күрес сияқты бірқатар жаңа күйзеліске тап болды. Экономикалық өсудің негізгі факторлары экономиканың базалық салаларындағы өндірістік белсенділік және және инвестициялардың өсуі болды. Өңдеу өнеркәсібі 3,6 %-ға өсті. Салалар бөлінісінде өндірістің өсуі машина жасауда 10,8 %-ға, оның ішінде автомобиль жасауда – 21,9 %-ға және электр жабдықтары өндірісінде – 23,8 %-ға, тамақ өнімдері өндірісінде – 6,4 %-ға, сусындар өндірісінде – 11 %-ға, мұнай өңдеу өнімдерінде – 1,5 %-ға, химия өнеркәсібінде – 13,6 %-ға, жеңіл өнеркәсіпте – 5,6 %-ға, пластмасса бұйымдары өндірісінде – 4,8 %-ға қамтамасыз етілді. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемінің аздап (0,9 %-ға) төмендеуі байқалды, - делінген құжатта.
Ведомство мамандарының мәліметінше, ауыл шаруашылығында өнімдердің (көрсетілетін қызметтердің) жалпы шығарылымы 9,1 %-ға өсті. Құрылыста өсу 10,2 %-ға жетті. Бұл ретте тұрғын үй құрылысы көлемінің төмендеуі байқалады. 19 млн ш.м тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылғы деңгейден 7,4 %-ға аз.
Бұдан басқа, елдегі экономикалық белсенділіктің қолайлы жағдайы негізгі капиталға инвестициялардың өсуі болды. Олардың көлемі 15,3 трлн теңгеге дейін 9,2 %-ға өсті. Осындай өсудің ынталандырушы факторы индустриялық инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру болды. Инвестициялар үшін тау-кен өндіру саласы және жылжымайтын мүлікпен операциялар (тұрғын үй құрылысы) тартымды болып қала береді. Сонымен қатар мемлекеттік басқару мен қорғаныста – 2,3 есеге, құрылыста – 71,9 %-ға, денсаулық сақтау және әлеуметтік көрсетілетін қызметтерде – 36,3 %-ға, білім беруде – 29,3 %-ға инвестицияның айтарлықтай өскені байқалды, - делінген жазбада.
Сыртқы сауданың жайы
Тауар нарықтарындағы құбылмалылықтың күшеюіне қарамастан, сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр.
Жыл қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымының көлемі 33,2 %-ға өсіп, 135,5 млрд долларға жетті. Мұнайдың қолайлы бағасы және азық-түлік тауарлары, машиналар мен жабдықтар, металдар мен химия өнімдері экспортының өсуі есебінен экспорт 40,2 %-ға өсті.
Импортталатын тауарлардың құн көлемінің қымбаттауы көп жағдайда импорттың 23 %-ға өсуіне ықпал етті. Оң сауда теңгерімі 33,7 млрд доллар болды. Іскерлік белсенділік аясында экономиканы кредиттеудің 33,9 %-ға өсуі байқалды.
Еңбек нарығындағы жағдай мен жалпы статистика
Елдің халықаралық резервтері 2022 жылдың басына қарай 1,2 %-ға өсіп, 90,8 млрд долларға жетті. Алтын валюта активтері 35,1 млрд долларына дейін 2 %-ға, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 55,7 млрд долларына дейін 0,7 %-ға өсті. Халықтың орташа жан басына шаққандағы ақшалай табысы 171,6 мың теңгені, номиналды мәнде 20,2 %-ға өсті, нақты мәнде – 0,1 %-ға төмендеді. Орташа айлық жалақы - 309,9 мың теңге, нақты мәнде ол 7,6 %-ға өсті.
Еңбек нарығында тұрақты жағдай сақталуда. Жұмыссыздық деңгейі - 4,9 %. Жылдық инфляция 20,3 %-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,3 %-ға, азық-түлік емес тауарлар – 19,4 %-ға, ақылы көрсетілетін қызметтер –14,1 %-ға өсті.
Инфляциялық қысымды күшейтетін негізгі факторлар жаһандық процестерге және сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігіне байланысты сыртқы факторлар болды.
Оптимистік сценарий
Мұнай бағасы барреліне 90 доллар болады. Мұндай жағдайда жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 6,6% болып, тауарлар өндірісі орта есеппен 5,7%, көрсетілетін қызметтер өндірісі 7% артатыны болжанған. Сондай-ақ қазақстандық экспорттың аясы кеңейіп, оның ішінде тауарлар экспортының көлемі 2024 жылы 89,3 млрд доллар, 2028 жылы 102,3 млрд долларға өспек.
Импорт көлемі 2024 жылы 62 млрд долларға, 2028 жылы 69,1 млрд долларға дейін жетеді. Мұндай өсім республикалық бюджет кірісінің ұлғаюына ықпал етеді. 2024 жылы бюджет кірісі 16 трлн 455,1 млрд теңге, 2026 жылы 18 трлн 847,7 млрд теңге көлемінде түседі деп болжанып отыр, - делінген мәліметте.
Пессимистік сценарий
Пессимистік сценарий кезінде мұнай бағасы барреліне 60 доллар көлемінде болады. Экономиканың орташа жылдық өсуі 3,7%, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісі тиісінше 3 және 3,5% деңгейінде ғана қалады.
Әлемдік сұраныстың азаюы және тауар нарықтарындағы бағаның төмендеуі қазақстандық экспортқа кері әсерін тигізеді. Тауарлар экспорты 2024 жылы 70,6 млрд долларға, 2028 жылы 79,1 млрд долларға ұлғаяды. Импорт көлемі 2024 жылы 45,2 млрд доллар, 2028 жылы 61,6 млрд доллар деңгейінде болады күтіліп отыр. Экономиканың бұлайша баяулауынан бюджет кірісі азайып, 2024 жылы 14 986,7 млрд теңге, 2026 жылы 17 379,3 млрд теңге болады», - деп жазады министрлік мамандары.
Егерде...
Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылдың соңында 32,4 трлн теңге, 2025 жылы – 38,2 трлн теңге, 2026 жылы – 44,0 трлн теңге көлемінде күтілуде. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борыштық бағалы қағаздары әділ (нарықтық) құн бойынша ескерілді.
Ұлттық қордың 2022 жылдың соңындағы 55,7 млрд АҚШ доллары (жыл қорытындысы бойынша кірістілік (-) 10,35 %) мөлшеріндегі валюталық активтерін ескере отырып, таза валюталық активтер 2026 жылдың соңында болжам бойынша 93,3 млрд долларынан (мұнайдың әлемдік бағасы бір барреліне 80 доллары және Қордың 4,35 % деңгейіндегі кірістілігі кезінде) төмен болмайды.