Екі есе айлық, тегін пәтер: Аймақтарға жіберілетін мұғалімдерге қандай қолдау көрсетіледі?

29 Наурыз 2022, 15:36
12351
Бөлісу:
Екі есе айлық, тегін пәтер: Аймақтарға жіберілетін мұғалімдерге қандай қолдау көрсетіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Кәрімова аймақтарға жіберілетін мұғалімдерге қандай қолдау көрсетілетінін түсіндіріп берді.

Комитет басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысы мұғалімдер жетіспейтін өңірлерді анықтап, ол жаққа ең мықты және үздік ұстаздарды жіберу бойынша тапсырма берген болатын.

Қазіргі таңда арнайы бағдарламаның жобасы құрылып, зерттеу жасалды. Зерттеудің нәтижесі бойынша 4 аймақ белгіленді – Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстары, - деп айтты ол.

Гүлмира Кәрімованың сөзінше, осы аймақтар мұғалім ең көп жетіспейтін аймақтар.

Ол халықаралық PISA 2018 зерттеуінің нәтижелері мен Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері осы мәселенің барын растап отырғанын айтты.

Арнайы әзірленген жоба алдағы уақытта мамыр және маусым айларында іске асырылады. Қазіргі таңда осы 4 аймақта үйлестіру кеңестері мен БҒМ жанынан комиссия жұмысы құрылды. Өтініш берген мұғалімдерге бірнеше талап қойылады. Осы төрт аймаққа жіберу бойынша министрлікке сұрау түсіп жатыр. Олардың қатарында түлектер, университет түлектері, мұғалімдер бар, - деп айтты Гүлмира Кәрімова.

Комитет басшысы 4 аймаққа мұғалімдер қалай жіберілетінін түсіндірді.

Конкурсқа тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік білімі бар оқытушылар қатыса алады. Сондай-ақ қатысушылар міндетті түрде тесттен өтеді. Одан кейін эссе жазу және қашықтан форматта әңгімелесу жүргізіледі. Осы бөліктерден өткендер мамандар аймақтарға жіберіледі. Сонымен қатар аймақтарға баратын мұғалімдерге ынталандыру шаралары қарастырылған. Дәлірек айтқанда олардың еңбекақылары екі есе өседі және коммуналдық өлшемдер мен жалдамалы пәтер құны төленеді, - деп айтты ол брифингте.

Білікті мұғалімдер үшін 4 апталық біліктілікті арттыру курстары мен курстан кейінгі қолдау ұйымдастырылады, оның ішінде семинарлар, вебинарлар, шеберлік сабақтары, жаратылыстану пәндері мұғалімдері үшін Зияткерлік мектептердің зертханаларында тағылымдамадан өту көзделген.

Өзгелердің жаңалығы