Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне өзі арнайы қатысқаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді.
Қазақстан Президенті Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасымен бүгінгі кездесуі бауырлас екі ел мен оның халықтары арасындағы өзара серіктестіктің одан әрі нығаюына ықпал ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамуда және стратегиялық әріптестіктің деңгейіне толық сай келеді.
Қазақстанда Сізді Түрікменстанның көшбасшысы, заманымыздың көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Сіз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қостыңыз. Сондықтан Сіздің осы жиынға келуіңіздің және бүгінгі кездесуіміздің саяси мәні зор деп санаймын. Екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту тұрғысынан пысықтайтын ортақ істеріміз бар. Біз – бауырлас әрі көршілес елдерміз. Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ. Екі ел бір-біріне қашанда тілеулес, – деді Мемлекет басшысы.
Гурбангулы Бердімұхамедов Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады
Біз осы жылдар ішінде сыртқы саясат, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз бойынша құқықтық база қалыптастырдық. Сыртқы саяси мәселеде Сізге алғысымыз шексіз. Сіз біздің бейтарап ұстанымымызды әрдайым қолдап келесіз. Бұдан бөлек Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымында басшылық қызмет істей жүріп, біздің сыртқы саяси бағдарымыз үшін көп жұмыс атқардыңыз. Сол үшін Сізге алғысымыз шексіз, – деді Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы.
Тараптар өзара сауда-саттықта оң динамика бар екенін атап өтіп, энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Сонымен қатар кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.