Шымкентте бірнеше ауыр қылмыс жасады деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, жәбірленушілердің екеуі қаза тауып, біреуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Бірінші шақырту полицияға 4 қаңтарда шамамен сағат 18:00-де түскен.
Абай даңғылының бойында көптеген дене жарақаты бар 48 жастағы ер адамның жатқаны анықталды.
Тұран ауданының тәртіп сақшыларының арқасында ауыр жағдайдағы жәбірленушіге дер кезінде көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылған.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, арада біраз уақыт өткенде полицияға екінші хабарлама түседі.
1 мамыр көшесінде 1984 жылы туған ер адамның мәйіті табылды.
Жантүршігерлік қылмыс мұнымен бітпеді.
5 қаңтарда сағат 12:00 шамасында Шымкенттің Еңбекші ауданында тағы бір ер адамның мәйіті табылды.
Аса ауыр қылмыстарды жасады деген күдікті 5 қаңтар күні Тәуке хан даңғылында қолға түсті.
Күдікті ұсталды. Аса ауыр қылмыс жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қалған ақпарат тергеу аяқталғанша жария етілмейді, - делінген Шымкент ПД таратқан ресми хабарламада.