Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Егістегі үміт: Судан қысылған шаруаның батыл қадамы

4 Тамыз 2025, 12:18
2334
Бөлісу:
 автордан
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Сауран ауданының Шорнақ елдімекен маңындағы егістік алқапта биыл тіршіліктің жаңаша лебі сезіледі. Бұл өңірге үйреншікті мақта алқабы емес, көзге тосын, бірақ үмітке толы көрініс жайғасқан. Отыз жылдан аса уақыт бойы ақ ұлпаға айналған мақтаны баптап келген шаруа биыл алғаш рет күнбағыс егіп, тың бастамаға бел буған. Бұл бір сәттік тәуекел емес, саналы таңдау, жылдар бойы зерттеліп, үлкен тәуекелмен қабылданған шешім. BAQ.KZ тілшісі шаруаның өзімен арнайы барып тілдесіп қайтты.

Кариев Раджап – 57 жастағы тәжірибелі диқан, Сауран ауданына қарасты "Темур" шаруа қожалығының жетекшісі. Ол бала күнінен егістікпен етене таныс, кәсібіне адал жан. Аграрлық білімді кезінде Ташкенттен алып, содан бері 40 жылға жуық уақытын ауыл шаруашылығына арнап келеді. Соның 32 жылын тек мақта өсіруге жұмсаған. Ақ ұлпа деп аталып кеткен мақтаны күтіп-баптау, тер төгіп жинау оның өмір салтына айналған. Алайда соңғы жылдары судың барған сайын азаюы оған бұрынғыдай жұмыс істеуге мүмкіндік бермей қойған.

Егістегі үміт: Судан қысылған шаруаның батыл қадамы

32 жыл бойы тек мақта егіп келдім. Бұл менің өз қолыммен өсірген, көзіммен көріп, жүрегіммен байланған еңбегім еді. Бірақ соңғы жылдары судың жетіспеушілігі жылдан-жылға күшейіп келеді. Бұрындары жаздың ортасында-ақ алқапты мол суға кенелтіп отыратын едік. Қазір тіпті осы тамыз айында да мақтаны суаруға мұрша жоқ. Оған қоса, соңғы уақытта мақтаның бағасы да көңіл көншітпейді. Шығынымыз көп, табысымыз аз. Амал жоқ, бір шешім қабылдау керек болды. Осы кезде мен күнбағысқа көшу туралы ойладым. Күнбағыс суды екі есе аз қажет ететін, үнемді әрі нарыққа да бейімделген дақыл. Ең бастысы жүйке мен күшті көп шығындамайсың. Бұл үлкен үнем, үлкен жеңілдік, – дейді ол.

Бұл оңай шешім емес еді. Шаруаның айтуынша, күнбағысқа көшу туралы ой бір күнде туындамаған. Бұл уақыт пен тәжірибе сүзгісінен өткен, толғаныс пен зерттеудің нәтижесі. Раджап мырза алдымен Өзбекстанға бірнеше мәрте сапар шегіп, күнбағыс өсіруде тәжірибе жинаған шаруашылықтарды аралап, әр үдерісті өз көзімен көріп, зерделеген. Сол жақтағы диқандармен сұхбаттасып, егудің тәсілін, суару тәртібін, тұқымның түр-түрін, өңдеу мен өткізудің жолдарын бүге-шүгесіне дейін біліп қайтқан.

Егістегі үміт: Судан қысылған шаруаның батыл қадамы

Күнбағыс жай ғана шекілдеуіктен тұрмайды. Бұл үлкен жүйе, технологиямен егілетін, өз тәртібі мен нарығы бар дақыл. Әр гектардың артында есеп пен күтім жатыр. Сондықтан екі жыл бойы қарап, зерттеп, барып қана іске кірістік, – дейді ол.

Солай ол биыл алғаш рет Шорнақ аумағындағы 11 гектар жерге күнбағыс еккен. Біз қожалыққа барғанда, дәл сол сәтте алғашқы терім жүріп жатқан еді. Жаңа дақылдың алғашқыларын өзі бақылап тұрған Раджап мырзаның жүзінде мақтаныш пен үміт қатар байқалды.

Бүгін алғашқы терімнің бірінші күні. Қазірдің өзінде 3 тонна шекілдеуікті жинап қойдық. Бұл біз үшін жақсы бастама. Жалпы есеппен 35 тоннадай өнім аламыз деген жоспар бар. Егер осылай жалғаса берсе, нәтиже оң. Ең бастысы өнімге деген сұраныс бар. Қазірдің өзінде шетелдік екі ірі компаниямен экспортқа келісімшартқа қол қойып үлгердік. Яғни, біз тек еккен жоқпыз, соны өткізу жүйесін де алдын ала дайындап қойдық, – дейді ол.

Бір дақылдан бас тартып, жаңа бағытқа бет бұру үлкен тәуекел. Бірақ бұл тәуекелге сана мен зерттеу, білім мен еңбек қосылса, нәтиже де соған сай болатынына шаруаның өзі сенімді. Су тапшылығы мәселесі тек бір ауылдың емес, бүкіл аймақтың басты проблемасына айналған шақта Кариев Раджап өз шаруашылығының болашағына бейжай қарамады. Мемлекеттік ескертулерді ескеріп, Қазсушармен алдын ала келісімге отырып, су мөлшерін тиімді бөлудің нақты жоспарын жасап алған. Осылайша, су тапшылығы қатты сезілген биылғы жылы ол егісін қауіпсіз сақтап қана қоймай, өнім де алып отыр.

Егістегі үміт: Судан қысылған шаруаның батыл қадамы

Ауыл шаруашылығында мұндай батыл бұрылыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жаңа бағытқа бет бұрып, тәуекел ете білу үшін білім де, көзқарас та, тәжірибе де керек. Ең бастысы сенім мен жауапкершілік.

Раджап мырзаның пайымынша, қазіргі ауыл шаруашылығы саласында бір ғана дақылға ұзақ жылдар бойы арқа сүйеп отыру үлкен тәуекел. Әсіресе, табиғатқа қатысты жағдайлар құбылмалы болып тұрған тұста бұрынғы тәсіл мен дағдыға сеніп отыра беру тығырыққа тіреуі мүмкін. Өйткені табиғаттың өз тәртібі бар, ал адам соған бейімделе білуі тиіс.

Егістегі үміт: Судан қысылған шаруаның батыл қадамы

Қазіргі кезде бәрі өзгеріп жатыр. Су тапшы. Климат та бұрынғыдай емес. Сондықтан ауыл шаруашылығында алға ұмтылу үшін бейімделе білу керек. Күнбағыс осы өзгеріске берген менің жауабым, – дейді ол.

Дегенмен, шаруа бұл дақылды келесі жылы да егемін деп кесіп айта қойған жоқ.

Бәрі судың жағдайына байланысты. Егер су жеткілікті болып, жағдай тұрақталса, мақта егісін қайта жалғастыруға қарсы емеспін. Мен үшін ең маңыздысы жердің игерілуі, еңбектің зая кетпеуі, – дейді ол.

Яғни диқан мақтадан толықтай бас тартып отырған жоқ, бірақ қазіргі жағдайда күнбағыстың тиімділігін нақты сезініп отырғанын жасырмады.

Егістегі үміт: Судан қысылған шаруаның батыл қадамы

Күнбағыстар біз ойлағаннан да жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жеріміздің құнарлығының арқасы. Өзіміз де таңданып отырмыз. Қазір тек бірінші терімді бастадық. Алда әлі не боларын білмейміз. Дегенмен, алғашқы көрсеткіш көңіл қуантады. Ең бастысы суды екі есе үнемдедік. Бұл біз үшін үлкен жеңіс, – дейді ол.

Егістегі үміт: Судан қысылған шаруаның батыл қадамы

Бұрыннан таныс дақылдан бас тартып, жаңа бағытқа бет бұру кез келген диқанның қолынан келе бермейтін шешім. Раджап мырза бұл қадамды жүрексінбей жасап, өзгелерге де ой салатын үлгі көрсетті. Егіншілік тек жер жыртып, дән себу емес, ол табиғатпен тіл табысу, жағдайға бейімделу, әр тамшы суды бағалай білетін көрегендік. Осындай қасиеттер бұл шаруаның әр ісінен көрініс тапты.

Өзгелердің жаңалығы