Егінді сақтандыру науқаны басталды

20 Ақпан 2023, 14:51
1313
Бөлісу:
Егінді сақтандыру науқаны басталды
Фото: ru.wikipedia.org

Егінді құрғақшылық пен жаңбырдан сақтандыру бойынша келісім-шарт жасауға өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өтінімді Kezekte.kz сайтындағы Qalqan ақпараттық жүйесінде жіберу керек. Сақтандыру келісім-шартының құны мемлекеттік субсидия есебінен 80%-ға азаяды. Сақтандыру операторы - Аграрлық несие корпорациясы. 

Биыл сақтандыруға жататын ауыл шаруашылығы дақылдарының тізіміне  бұрынғы бидай, арпа, сұлы, жүгері, күнбағыс, рапс, зығырдан бөлек, қарақұмық, тары, дәнді құмай, көктемгі тритикале, көктемгі қара бидай, бұршақ, ноқат, жасымық, соя, көктемгі зімбір, мақсары және қыша кірді.

Дәнді дақылдар бойынша топырақтың ылғал тапшылығынан сақтандыру шарттарын 2023 жылғы 1 сәуірге дейін, ал майлы дақылдар бойынша - 2023 жылғы 15 сәуірге дейін жасау қажет. Топырақтың ылғал тапшылығы индексі бойынша сақтандыру арқылы қорғау кезеңі 2 фаза болса, 2023 жылғы 15 маусымнан 15 қыркүйекке дейін; 3 фаза болса,  2023 жылғы 15 мамырдан 14 қыркүйекке дейін созылады.

Топырақтағы артық ылғалдан сақтандыру шарттары 2023 жылдың 1 тамызына дейін жасалуы керек. Осы өнімді сақтандыру арқылы қорғау кезеңі - 2023 жылғы 15 тамыздан 14 қазанға дейін.

Биыл индекстік сақтандыру өнімдерінің тарифтері өзгерді. Нақты мысалмен қарастырайық.

Мәселен, егер фермер 1 мың гектарды сақтандырған болса, онда сақтандыру шартын жасасу кезінде шығындар нормасы бір гектарға 50 000 теңге болғанда сақтандыру сыйақысы 1 750 000 теңгені (1000 га * 50 000 теңге * 3,5% сақтандыру тарифі) құрайды. Осы соманың 1 400 000 теңгесін мемлекет субсидия түрінде төлейді (сақтандыру сыйақысының 80%).

 Сақтандыру жағдайы басталған кезде фермер 16 500 000 теңге (1000 га * 50000 тг * 33%) мөлшерінде сақтандыру төлемін алады, бұл 2 фазалық сақтандыру кезінде шарт бойынша сақтандыру құнының 33% ең жоғары мөлшеріне сәйкес келеді.

Айта кету керек, топырақтың ылғал тапшылығы мен ылғал артықшылығы индекстік сақтандыруды іске асырудың үш жылы ішінде егіншілер сақтандыру төлемдері ретінде 2 миллиард 552 миллион теңге алды, бұл сақтандыру сыйақыларының жалпы сомасынан 1,6 есе артық. Фермерлер төлеген сақтандыру сыйақыларының сомасы 1,5 миллиард теңгені құрады, оның 787 миллион теңгесі мемлекеттік субсидия ретінде төленді.

Өзгелердің жаңалығы