Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Егін егуге карантин кедергі келтіріп жатқан жоқ, дейді 800 гектар алқапқа дән сепкен қызылордалық кәсіпкер Самат Сарбасов.
Жалағаш ауданы Мәдениет ауылына қарасты "Жігер" шаруа қожалығының иесі Самат Қалдыбекұлы да өзге диқандармен қатар күріш егуге белсене кірісті. Шаруалардың жұмысында іркіліс жоқ. Себебі, төтенше жағдай кезінде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мемлекет қолдауын сезінуде. Көліктері блок-бекеттерден емін-еркін өтеді, арзандатылған жанар-жағармаймен де қамтамасыз етілді.
Мемлекет тиісті көмегін беріп, жеңілдігін жасады. Сондықтан карантин егін егуге кедергі келтіріп жатқан жоқ. Алайда босаңсымау керек. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін жұмыс барысында барынша сақ боламыз. Яғни қорғанудың амалдарын жасап, егінімізді еге береміз. Көктемнің әр күні, әсіресе, дәл осы күндер аса бағалы. Егін егу науқанында қызу еңбек етсек, елдің несібесі мол болады, – деді кәсіпкер.
Самат Сарбасов бастаған диқандар алдымен 800 гектар жерді тыңайтып, нәрлендірді. Су көздерін тазартты. Содан кейін дән септі. Шаруашылық осыншама алқапқа күріштің бір ғана "Лидер" деген сортын екті.
Шаруа қожалығымды 2014 жылы ашқанмын. Бастапқыда 100 гектар жерге күріш ектім. Жаз бойы маңдай терімізді төгіп егінді баптадық, соның арқасында бітік шықты. Содан кейін егістік алқапты ұлғайттым. Мемлекеттің қолдауы бар. Субсидиялар берілді. Қазір шаруа қожалығымызда қырықтан аса адам жұмыс істейді. Олардың айлығы тұрақты, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасадық. Трактор, комбайн жеткілікті, – дейді Самат Қалдыбекұлы.
Оның айтуынша, былтырғы жылы "Жігер" шаруа қожалығы әр гектардан 63 центнерден күріш өнімін жинады. Биыл да сол межені бағындыруды мақсат етуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта егіс алқабын ұлғайтып, басқа да дәнді дақылдарды өсіруді жоспарлап отыр.
Коронавирус инфекциясының 40-тан астам жағдайы тіркелген Шеген Қодаманов ауылында да тіршілік тоқтаған жоқ. Осы елді мекендегі "Төңкеріс К" шаруа қожалығы жұмысы бүгінде қыза түскен. Шаруашылық жетекшісі Бауыржан Көпеевтің айтуынша, жұқпалы індеттің белең алуы шаруаларға қолбайлау болып отырған жоқ. Қазіргі таңда олар күріш егуде. Сонымен қатар, шаруа қожалық егістік алқапты әртараптандыруға баса мән беріп отыр.
Біздің қожалықтың жері 1100 гектар болады. Оның ішінде 400 гектар жері аударылып, 100 гектары суға бастырылды. Ал 200 гектарына күріш егілді. Сонымен бірге 80 гектарға мақсары, 140 гектарға күздік бидай, 320 гектарға жаңа жоңышқа ектік, – дейді Бауыржан Көпеев.
Кәсіпкердің айтуынша, қожалықта 115 адам еңбек етеді және олар егін басында жатып жұмыс істеуде.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында 183,1 мың гектар алқапқа егiн егіледі. Тең жартысы басты брендтік өнім – Сыр маржанына тиесілі.Карантин талабына сәйкес блок-бекеттерден жиі өте бермес үшін осындай шешімге келдік. Бірақ сақтық шараларына ерекше көңіл бөлеміз, - дейді шаруашылық төрағасы.