Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ресей мен Украина арасындағы шиеленістен кейін Қазақстан мен Ресейдің арасы алшақтады ма? Көрші мемлекеттен келіп жатқан компанияларға қандай талаптар қоюмыз қажет?
Бұл сауалға Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова жауап берді.
Ресейден алыстай бастадық деп айту қиын. Дегенмен, біз өз позициямызды айқындайтындай дәрежедеміз. Яғни, біз Ресейдің жүргізіп жатқан саясатына келіспейтін болсақ, әрине біз өзіміздің ұлттық мүдде тұрғысынан айқын айта аламыз. Бұл біздің тәуелсіз егемен ел екенімізді көрсетеді. Әрине, Ресеймен экономикалық байланыстарымызды үзе алмаймыз. Себебі, бірнеше жылдан қалыптасқан жүйе. Сондықтан бұл жүйені бұзу біз үшін қиын болады, - деді спикер «Жаңа геосаяси жағдайдағы Орталық Азия ынтымақтастығы: сын-қатерлері мен келешегі» атты конференцияда.
Сонымен қатар Әсел Назарбетова елімізге көшіп келіп жатқан ресейлік компаниялар туралы ойымен бөлісті.
Ең алдымен заң түрінде қарастыру қажет деп ойлаймын. Ресейден келіп жатқан компаниялардың жұмыстары құқықтық Қазақстанның заңнамасына сәйкес болуы керек. Жәнеде әлемдік мемлекеттердің енгізген санкциясына нұқсан келтірмеуі тиіс. Өйткені олар санкцияны айналып өтетіндей, саясат жүргізетін болса, кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті, біздің мемлекеттік органдар тарапынан жіті қадағалануды талап етеді. Менің ойымша, олардың жүргізіп отырған жұмысы мен қызметін назарда ұстауы керек, - деді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова.