Психолог Гүлжан Қалиқызы балалар неге квадроберлерге еліктейтінін айтып, ата-аналарға бірнеше кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлі терең зерттелмеген дүние болғандықтан мұның зиян не зиян емесін кесіп айта алмаймыз. Қазіргі таңда мамандардың пікірі әртүрлі. Бірі нақты балаға зиян десе, енді бірі баланың психологиясына тереңірек үңілу керегін айтып жатады. Яғни бала кейіпке еніп, ішкі жан-дүниесін көрсетеді. Сондықтан мұндай үрдісті анықтап, зерттеуге уақыт қажет, - дейді Қалиқызы.
Психологтың сөзінше, бұл уақытша қызғушылық болуы мүмкін.
Баланың өзгеріп отыратыны анық. Бір жолы квадроберлерге еліктеген бала, келесі жолы басқа дүниге еліктеуі мүмкін. Әр нәрседен баланы "мынау зиян, мынау зиян емес" деп қорғау - ең қиын дүние. Ата-ана енді өсіп келе жатқан балаға өз сезімдерін білдіруді, ойын айтуды және ашық түсіндіруді үйретуі керек. Бала өз ойын емін-еркін айту арқылы қарым-қатынас құра алса, ол қай субмәдениетке кетсе де, өзін-өзі жоғалтпайды. Әрбір субмәдениеттің өз заңдылықтары бар. Мәселен, дін адамды жақсы жаққа үйретеді, бірақ оны кім қалай түсінеді соған байланысты. Балаға кішкене күнінен оның тұлға екенін түсіндіріп, қиындықты еңсеруге шыңдау керек, - деді маман.
Ол ата-ана баласының неге қызығатынын бақылап отыру керегін айтады.
Әр кезеңнің хиты мен субмәдениеті болады. Бір кездері жалт етіп, көп жастың жүрегін жаулаған дүниелер бүгінгі таңда ешкімге қызық емес. Заман тез өзгеріс үстінде. Сондықтан трендтің бір келіп, бір кететінін ескеруіміз қажет. Ата-ана баладан "бұл мәдениеттің несі қызықтырады" деп сұрауы керек. Бала маскаларды киіп, өзінің ішінде не болып жатқанын көрсетуі мүмкін. Бәлкім үйінде жиі қорлық көретін шығар. Сол себепті қарсылық ретінде қадамға баруы мүмкін. Міне, ата-ана баланың неге қызығып жүрегінен хабардар болып, оған қызғушылық таныту керек. Егер үйде жақсы отбасылық құндылықтар қалыптасса, бала ешқандайда оғаш дүниелерге еліктемейді, - деді Қалиқызы.
Бұған дейін "Квадробер болу балаға несімен зиян?" деген сауалға BAQ.KZ тілшісі психологтардың пікірін білген болатын.