Егер бағынбаса, жауапқа тартамыз – Тұрғымбаев рақымшылық туралы

3 Қараша 2021, 11:53
1137
Бөлісу:
Егер бағынбаса, жауапқа тартамыз – Тұрғымбаев рақымшылық туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның жобасы талқыланды.

Талқылау барысында депутат Әмірхан Рахымжанов ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевқа рақымшылықпен шыққаннан кейін қылмыс деңгейі артып кетпей ме деген мәселені көтеріп, сұрақ қойды.

Кейінгі жылдары еліміздің қылмыстық заңнамасын едәуір ізгілендіру жүргізілді. Соның ішінде Қылмыстық Кодекстің бірқатар бабының санкциялары жұмсартылды және шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың басталу уақыты қысқартылды. Қылмыстық заңнамада жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстанның халықаралық түрме рейтингіндегі орнын жақсартуға септігін тигізді. Жалпы алғанда ел тұрғындары қылмыстық-құқықтық саладағы реформаларды қолдайды. Алайда рақымшылық елдегі қылмыстың өсуіне қалай әсер етеді деген қоғамдағы алаңдаушылыққа назар аудару керек. Рақымшылық бойынша сотталғандардың бостандыққа шығуы қылмыс деңгейінің артуына алып келмей ме? Өйткені бостандыққа шыққандар тағы да заңды бұзуы мүмкін. Полиция осы бағытта қандай шаралар жүзеге асырады? – деді ол.
Өз кезегінде ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев рақымшылықпен шыққандар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Рақымшылыққа онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс істеген азаматтар жатады. Босатылғаннан кейін пробациядағы қызметкерлеріміз, учаскелік инспекторлар азаматтың бәрін профилактикаға енгізеді. Сондай-ақ ол азаматтың бәрін жұмысқа орналастыру қажет. Ол азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Егер бағынбаса, онда заңдағы нормаға сәйкес жауапқа тартамыз, – деп жауап берді Ерлан Тұрғымбаев.

Өзгелердің жаңалығы