Егемендікке тұңғыш қадам жасаған күн

25 Қазан 2022, 09:00
3358
Бөлісу:
Егемендікке тұңғыш қадам жасаған күн

13 жылдан кейін тойланайын деп тұрған мемлекеттік мерекенің ерекшелігі қандай? Бұл  туралы BAQ.KZ тілшісі тарқатып береді.

 Ұлттық мереке қалай оралды?

Биыл Мемлекет басшысы бұл жөнінде 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында осындай ұсыныс жасаған болатын.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Президент.

Нәтижесінде биыл қыркүйек айының орта шенінде Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Аталған құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни, 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Айта кетері, Тәуелсіздік күні бұдан былай тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтпек.

Өткенге ой жүгіртсек, осыдан 32 жыл уақыт бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің қаулысы бойынша мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді еліміз еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.

Ұлттық рухты көтеретін мереке

Қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов Республика күнін қалай тойлау екеніне терең тоқталды.

Республика күні – біздің санамызда жаңғыратын маңызды мереке болу керек. Бұл күндері концерт өткізіп, түрлі іс-шаралармен ғана шектелу аз. Анығында, республика күнінің мағанасын, елге, тәуелсіздікке деген үлкен ұғымды түсіндіретін ағарту жұмыстарын жүргізу міндетті. Осы күндері барлық сауда үйлерінде, кинотеатрлар да, халық көп жүретін қоғамдық орындарда тарихтан тәлім алар шаралар өтізу абзал. Кәмелетке жасы толған белсенді жастарға осы күні салтанатты түрде төлқұжаттар берілгені дұрыс, - дейді Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов.

Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьеваның айтуынша, тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамының тойлануы маңызды.

Бұл күннің маңыздылығы өте зор. Біз 13 жыл бойы осы мерекені тойлаудан қол үзіп қалдық. Ал осы жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаев осы мерекені қайтарып, ұлттық мереке етіп қайта жариялады. 25-қазан Республика күні Тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамы, – деді депутат.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Мұсабалина бұл мереке 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» декларация ел дамуындағы бетбұрыс болғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда біздің тарихымыз 1991 немесе 1465 жылмен өлшенбейді. Біздің халқымыз бұл жерде Қазақ хандығы кезінде, сондай-ақ Алтын Орда, Түркі қағанаты, ғұн және сақ дәуірінде өмір сүрген және өскен. Бір сөзбен айтқанда, біздің ұлттық тарихымыздың терең тамыры ежелгі жер қойнауында жатыр. Қазіргі Қазақстан – өз экономикасын ойдағыдай дамытып, еліміздің өркендеуі мен тұрақтылығына жол ашатын жас, еркін тәуелсіз мемлекет», - деді Гүлнар Мұсабалина.

Тарихи дата

Жалпы Республика күні басқа мемлекеттерде де бар. Халықаралық сарапшылар әлем елдерінде ұлттық мереке болып бекітілгенін айтады. Мәселен Италия 1940 жылы монархиядан кетіп, 2 маусымда Республика күнін жариялаған. Сондай-ақ, 1949 жылы Үндістан ағылшын колониясынан азат болып, 26 қаңтарды - Республика күні деп бекіткен. Түркияда 29 қазан Республика құрылған күн. Бұл күнде  бауырлас ел өз туларын іліп, оған ерекше ден қояды. Ал, АҚШ-та 4-шілде ұлттық күн деп бекітілген. Еркін және тәуелсіз ел ретінде АҚШ-тың туған күні саналады.

Ұлттық мереке және мемлекеттік мереке

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды «маңызды және тарихи шешім» деп атады.

Осы заңға сәйкес 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл - тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекеттік мерекеде Астанада қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

Елорданың мәдениет мекемелері де ұлттық мерекеге орай арнайы бағдарламалар дайындады.

21 қазан күні сағат 11:00-де орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихы туралы, патриоттық сезімді күшейту мақсатында «Егемендік күні – тарихи қадам» атты дөңгелек үстел өткізіледі. Іс-шараға кез келген адам қатыса алады.

Сонымен қатар, 22-30 қазан аралығында Астанада екінші рет «ТЕАТРALL» халықаралық театр фестивалі өтеді. Биыл ол республика күніне және театр мен киноның көрнекті режиссері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған.

Фестивальге 14 театр қатысады – 8 қазақстандық және 6 шетелдік. Театр апталығының салтанатты ашылуы 22 қазан күні сағат 19:30-да мемлекеттік драма және комедия театрында өтеді. Онда мэтр Әзірбайжан Мамбетов қойған Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі ұсынылады.

24 қазан күні сағат 19:00-де «Наз» мемлекеттік би театры «Республикам – Қазақстан!» концертіне шақырады.

«Қазақстан» орталық концерт залында 25 қазан күні сағат 18:00-де Республика күнін мерекелеу аясында Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концерт ұйымдастырылады.

Сол күні сағат 16:00-де ЕХРО көрмесінің алаңында «Қазақстаным менің!» концерті өтеді.

Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 19:00-де «Мәңгілік ел дауысы» концерттік бағдарламасын тамашалауға болады.

24-25 қазанда қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасы елордалық футбол федерациясымен және «Дәулет» теннис орталығымен бірлесіп, балалар жарысын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ осы күндері Астана маңындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің аумағында ат спорты бойынша спорттық жарыстар өтеді. Айта кету керек, Ат жарысы Республика күніне – елде алғаш рет атап өтілетін ұлттық мерекеге орайластырылған.

Сонымен қатар, сол күні сағат 12:00-де «Қазанат» ат спорты кешенінде бәйге түрлері бойынша жарыстар өтеді. Аламан және топ-бәйге бойынша 20 және 14 км қашықтықтағы жарыстарға еліміздің 11 өңірінен, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарынан 70 шабандоз қатысады.

Өзгелердің жаңалығы