Егемендік туралы декларация дербестігімізді айғақтаған аса маңызды құжат – Әшімбаев

25 Қазан 2022, 16:37
1686
Бөлісу:
Егемендік туралы декларация дербестігімізді айғақтаған аса маңызды құжат – Әшімбаев

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті достар!

Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекеттік егемендік туралы декларация – дербестігімізді айғақтаған және тәуелсіздігіміздің құқықтық негізін қалаған аса маңызды құжат. Елдік пен еркіндік жолында тарихи шешім қабылданған күнді ұлттық мерекеге айналдыру – отаншылдық рухымызды асқақтатар ұтымды қадам. Алдағы уақытта бұл күннің қадір-қасиеті одан әрі артып, азаттығымызды айшықтайтын нағыз жалпыхалықтық мереке боларына ешқандай күмәніміз жоқ.

Бүгін айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде көк туымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, бұл – ұрпақ санасында отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсетін маңызды шара. Әрдайым осылай көк байрағымыз көгімізде желбіреп, егемендігіміз нығая берсін!

Баршаңызды құттықтай отырып, әр шаңыраққа бақ-береке, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін! Еңселі елдіктің мәні мен маңызын арттыра түсетін ұлттық мерекеміз құтты болсын!- деп жазды Мәулен Әшімбаев. 

Өзгелердің жаңалығы