Ефрейтор Әсем Орынбай Әлем кубогының «алтын» жүлдесін олжалады

24 Мамыр 2023, 20:01
3098
Бөлісу:
Ефрейтор Әсем Орынбай Әлем кубогының «алтын» жүлдесін олжалады
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігі ОСК мергені стендтік атудан Әлем кубогының чемпионы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орталық спорт клубының штаттық командаларын даярлау бөлімінің аға маманы ефрейтор Әсем Орынбай Әлем кубогының «алтын» жүлдесін олжалады.

Жарыс Алматы облысында Қазақстанның ең танымал мергендерінің бірі, еңбек сіңірген спорт шебері Александр Асанов атындағы мергендер клубында өтіп жатыр. Оған 42 елден 360-тан аса спортшы қатысуда.

Ефрейтор Әсем Орынбай әйелдер арасындағы «Skeet» пәнінің ақтық сынында Үндістан өкілі Ганемат Сехонды соңғы атысында басып озып, алтын медаль жеңіп алды.

Барлық сайыста екеуі тең дәрежеде болды. Сондықтан оларға қосымша оқ атуға рұқсат берілді. Спортшымыз осы жерде қарсыласына мүмкіндік бермей, басып озды. Бұл шынымен де керемет жеңіс болды. Әлем кубогы аяқталған жоқ, Әсем әлі де «mixed team» жаттығуында өнер көрсетеді, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының атыс жөніндегі командасының жаттықтырушысы Ольга Важнина.

Бапкердің айтуынша, тамыз айында Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін әлем чемпионатына дайындалу халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсем Орынбайдың жоспарында бар. Басты сайыс – Азия ойындары қыркүйекке жоспарланған. Бұл жарыстар Қытайдың Ханчжоу қаласында өтпек.

Стендтік атудан Әлем кубогы ISSF кестесі бойынша рейтингті көтеруге және Франциядағы 2024 жылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алуға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.

Өзгелердің жаңалығы