Конго Демократиялық Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Эбола безгегінің өршу ауқымына қатысты жаңа деректерді жариялады. Ресми есепке сәйкес, елдегі расталған ауру жағдайларының жалпы саны 900-ге жақындаған.
Reuters агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, Bundibugyo деп аталатын жаңа штамм вирусы бүгінгі күні 896 адамнан анықталған. Ал Эбола безгегінен көз жұмғандар саны 232 адамға жеткен.
Денсаулық сақтау министрлігі Эбола өршуі шұғыл шаралар қабылданбаса, тез арада жаңа аумақтарға таралуы мүмкін екенін ескерткен.
АҚШ қаржылай көмек көрсетеді
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) бір күн бұрын Конго мен Угандадағы Эболаға қарсы күресті күшейту үшін 107 млн доллар көлемінде жедел қаржыландыру бөлетінін мәлімдеді.
Африканың жетекші денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, қазіргі уақытта донорлар уәде еткен қаражаттың 10 пайызынан азы ғана түскен.
Донорлар жалпы 910 млн доллар бөлуге уәде берген, оның ішінде Африка одағына мүше елдерден 80 млн доллар қарастырылған. Алайда Африка CDC өкілінің айтуынша, зардап шеккен елдерге іс жүзінде 90 млн доллардан да аз қаржы ғана берілген.