Сенаторлар ЕАЭО туралы шарттың кейбір ережелерін өзгерту жөніндегі Хаттаманы ратификациялау туралы заңды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңын талқылады.
Бұл заң санкциялық шектеуге байланысты Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы кедендік баж бойынша есеп айырысу тетіктерін уақытша өзгертуге бағытталған. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бюджетіне кедендік баждардың үздіксіз аударылуын қамтамасыз ету басты мақсат болып отыр. Бұл ретте баждарды бөлу тетіктері өзгеріссіз қалады.
Аталған заң аясында қосымша қаржы шығындары болмайды. Депутаттар заңды талқылау нәтижесінде құжатты Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.