ЕАЭО-дағы сауда кедергілерін жоюға барынша күш жұмылдыру қажет – Әлихан Смайылов

3 Ақпан 2023, 16:23
1046
Бөлісу:
ЕАЭО-дағы сауда кедергілерін жоюға барынша күш жұмылдыру қажет – Әлихан Смайылов
PHOTO
Фото: Үкімет

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында ЕАЭО елдерінің экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту жөніндегі ұсыныстарды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараға Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян және Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ ЕАЭО бақылаушы мемлекеттердің өкілдері: Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов және Кубаның Ресей Федерациясындағы елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья қатысты.

Өз сөзінде Әлихан Смайылов өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұйымның экономикалық көрсеткіштері оң динамика көрсеткенін атап өтті. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі $1,5 трлн-ды құрады, оның ішінде Қазақстандағы өндіріс көлемі 1,1%-ға өсіп, $100 млрд-тан асты. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өнімін шығару 5%-ға (Қазақстанда 9%-дан астам) өсті.

Бұл көрсеткіштер Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі әлеуетіне сай келмейді деп ойлаймын. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы мен ЕАЭО туралы шарттың іс-шараларын жүзеге асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Бірінші кезекте бұл – өзара саудадағы кедергілерді жою, — деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министрдің айтуынша, бұл бағытта ішкі шекараларда кедендік бақылау элементтері әлі күнге дейін сақталып отыр, мемлекеттік сатып алуларда іс жүзінде ұлттық режим жоқ, санитарлық, ветеринарлық және басқа да шектеулер кеңінен қолданылуда. Бұл бизнеске ЕАЭО артықшылықтарын толық пайдалануға мүмкіндік бермейді.

ЕАЭО-дағы сауда кедергілерін жоюға барынша күш жұмылдыру қажет – Әлихан Смайылов

Осыған байланысты Одақ кеңістігінде түрлі кедергілерсіз сауда тасымалын қалыптастыру, сондай-ақ тез арада ақпарат алмасуды автоматтандыру транзиттік әлеуетті дамытуға және кооперациялық байланыстарды нығайтуға серпін бере алады.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту үшін нақты экономикалық жобаларды іске асыру қажет деген қағиданы басшылыққа алады. Осы орайда, Үкімет басшысының пікірінше, кеме қатынасы, транзит, инфрақұрылымға қолжетімділік, мемлекеттік сатып алуды цифрландыру, сондай-ақ алкоголь мен темекі нарықтарының толыққанды жұмыс істеуі бойынша уағдаластықтарға жеткілікті назар аудару қажет.

Шешімін күткен мәселелер мұнымен шектелмейді, — деді Қазақстан Премьер-Министрі.

Сонымен қатар Премьер-Министр азық-түлікті халыққа қолжетімді ету бойынша жүйелі шаралар қабылдау маңызды екеніне тоқталды. Бұл әсіресе, ерте пісетін көкөністер мен жемістерді жеткізуші елдерде өндірістік тізбектердің үзілуіне және бұрын-соңды болмаған қатты аяздарға байланысты аса өзекті болып отыр. Аталған факторлар қазірдің өзінде азық-түлік нарықтарында бағаның айтарлықтай өсуіне алып келді.

Азық-түлік өндірісі бойынша бірлескен жобаларды құрып, қаржыландыруға назар аудару қажет. Атап айтқанда, жылыжай шаруашылықтары, бордақылау алаңдары, сауда-саттық және қойма инфрақұрылымы бойынша жобаларға көңіл бөлу керек. Осы орайда қолданылатын фитосанитарлық, ветеринарлық және техникалық шаралар өзара саудада жасанды кедергілер тудырмауы тиіс, — деді Әлихан Смайылов. 

ЕАЭО-дағы сауда кедергілерін жоюға барынша күш жұмылдыру қажет – Әлихан Смайылов

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің айтуынша, ЕАЭО елдері арасындағы сауда-саттықтағы құрылымдық өзгерістер аясында Одақ ішінде әсіре ресмилікке жүгінбей, тауарларды жеделдетіп өткізу мәселелерін шешу қажет. Үкімет басшысы тауарларды бақылаудың қазақстандық жүйесін мысал ретінде келтірді.

Осыған байланысты қазақстандық алымдарға қатысты кедендік баж сомаларының айырмасын қосымша төлеу мүмкіндігін беруді ұсынамыз. Мұндай мүмкіндік басқа елдерде қарастырылғанын айтып өтейін. Бұл кедендік баж түрінде қосымша түсімдер береді. Комиссиядан осы мәселені пысықтауды сұраймын, — деді Премьер-Министр.

Өзгелердің жаңалығы