АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден федералды үкіметті өзінің естеліктеріне қатысты сұхбат жазбаларын жариялауға тыйым салу үшін сотқа жүгінді. Ол бұл материалдарды «жеке ақпарат» деп санайды.
ВВС-дің хабарлауынша, арнайы прокурор Роберт Хур Байденнің құжаттармен жұмыс істеуіне қатысты тергеу барысында жазбалар мен транскрипцияларды жинаған. Тергеу нәтижесінде Байден құпия құжаттарды дұрыс сақтамағаны анықталғанымен, оған айып тағылған жоқ.
2024 жылы жарияланған баяндамасында Хур Байденнің жады мен еске сақтау қабілетіне қатысты күмән келтіріп, оның кейбір сұхбаттарда оқиғаларды дәл еске түсіре алмағанын атап өткен.
АҚШ Әділет министрлігі бұған дейін Байденнің психикалық жағдайына қатысты жазбаларды жасыру әрекеттері болғанын мәлімдеген. Ал Байденнің адвокаттары бұл материалдардың жеке сипатта екенін айтып, олардың жариялануы жеке өмірге қол сұғу болатынын алға тартуда.
Конгресс өкілдері мен консервативті ұйымдар Байденнің сұхбат жазбаларын талап еткен, алайда тараптар арасында бұл мәселе бойынша дау жалғасып келеді.