Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Риддер қаласының негізгі әлеуметтік нысандарына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтауды жаңғырту және спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне басты назар аударылды.
Вице-премьер Риддер қаласының тұрғындары үшін көптен күткен жоба болып табылатын көпсалалы аурухана кешенінің құрылыс барысымен танысты. Құрылысты қаржыландыру толығымен қамтамасыз етілді: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражаттан 28,2 млрд теңге бөлінді. Бұл шешім жергілікті тұрғындарды ерекше қуантуда.
Біздің қаламыз үшін бұл кешен ауадай қажет еді. Қолданыстағы ғимараттар әбден ескірген. Енді заманауи кешен құрылысы аяқталса, бізге көрсетілер қызметтің сапасы едәуір артатын болады. Мемлекет басшысына алғысымызды білдіреміз, — деді қала тұрғыны Сабир Кагарманов.
Мердігер ұйымдардың өкілдері қазіргі уақытта сәтті шешілген қаржылық қиындықтарға қарамастан, нысандағы құрылыс жұмыстары үзіліссіз жалғасқанын айтты.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлуде. Аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға қаржы қарастырылды. Енді жергілікті әкімдік жұмыстың сапалы жүргізілуін қадағалауы керек. Нысан медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Онда білікті мамандарды жұмылдыру қажет, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Медициналық қауымдастық өкілдерімен өткен кеңесте өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуде қазіргі көрсеткіштер мен қол жеткізілген нәтижелерге талдау жүргізілді. Вице-премьер ауруды ерте диагностикалаудың жоғары сапасын қамтамасыз етудің маңызына тоқталды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген азаматтар үшін медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Премьер-министрдің орынбасары тағы бір маңызды нысан – еліміздегі қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық резервтің жалғыз республикалық мамандандырылған мектеп-интернатына барды. Бұл 250 оқушыға арналған бірегей оқу орны. Мұнда спортшыларды даярлаумен 179 білікті маман айналысады. Мектеп-интернаттың жұмысымен танысқан Тамара Дүйсенова спорт ұйымдарының өңірлік басшыларымен кеңес өткізді. Кездесу барысында спорт саласын дамытудағы алдағы өзгерістер талқыланды.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қазір Парламент қабырғасында қарастырылып жатқан салалық заңдағы негізгі тармақтар туралы баяндады. Оның ішінде басым спорт түрлерін дамыту, саланы басқару әдісі, цифрландыру және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі қаржыландыру секілді бірқатар мәселелер қамтылған.
Вице-министр реформалар спорттық жетістіктерді арттыру, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және жаттықтырушылар құрамының жалақысын ұлғайту үшін ресурстарды шоғырландыруға бағытталғанын атап өтті.
Қорытындылай келе, Тамара Дүйсенова талқыланатын мәселелер мұқият және жан-жақты талданатынына сенім білдірді.