Дүйсенова отбасын қолдау орталықтарының жұмысы бойынша кеңес өткізді

27 Қазан 2022, 07:35
1024
Бөлісу:
Дүйсенова отбасын қолдау орталықтарының жұмысы бойынша кеңес өткізді

Қазақстанның елордасы Астана қаласында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен отбасын қолдау орталықтарының жұмысы мәселелері бойынша кеңес өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара барысында Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасын қолдау орталығының жұмысы, медициналық-әлеуметтік мекемелерді институттандырудан шығару, отбасын қолдау орталықтарының қызметі және олардың жұмысында Отбасының цифрлық картасын пайдалану мәселелері қаралды.

Жиынға офлайн режимде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ләззат Рамазанова мен Динара Закиева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, онлайн режимде – ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, «Бақытты отбасы», «Жанұя» КММ директорлары, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындайтын ҮЕҰ басшылары, әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері қатысты.

Тамара Дүйсенова өзінің алғысөзінде іс-шараға қатысушыларды алғаш рет ұлттық мереке ретінде аталып өткен Республика күнімен құттықтады.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Онда алғаш рет аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, халықтар мәдениеті мен олардың тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидаттары бекітілді. Өткенге көз жүгіртсек, осы кезеңде еліміздің экономикасы нығайып, қоғамдағы демократиялық процестер қарқынды дамып, халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілгенін көреміз, – деді министр.

Еңбекминінің басшысы сондай-ақ, елде болып жатқан оң өзгерістерде қазанның соңғы жексенбісінде өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетін халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің елеулі үлесі бар екенін атап өтті.

Келе жатқан Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар! Бұл ізгілік пен мейірімділік мерекесі барлығына жанашырлықты еске салатын дәстүрге айналды. Өйткені, жанашырлық қабілеті – әлеуметтік қызметкердің басты мақсаты. Бұл мамандық әділеттілік пен мейірімділік мұраттарын өмірге әкелуге арналған. Сізге ерекше назар мен қамқорлықты қажет ететін адамдардың мәселелері сеніп тапсырылады. Сіздің жұмысыңыз тек еңбекқорлық пен іске деген адалдықты ғана емес, сонымен бірге шынайылықты, жанашырлықты, үлкен шыдамдылықты қажет етеді. Кез-келген адам бұл салада жұмыс істей алмайды. Бұл жұмыста сіздің қолдауыңыз адамдарға сенімділік береді, өмірдің қиын сынақтарын жеңуге күш береді, – деді Тамара Дүйсенова.

Ол Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесі белсенді түрде жетілдіріліп жатқанын, барлық мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетінін, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелердің саны артып, әлеуметтік қызмет көрсету сапасы артып келе жатқанын айтты. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртуды ескере отырып, «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталықтарының алдында тұрған жаңа міндеттерді министр кеңес барысында талқылауды ұсынды.

Жиында бірінші болып Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя отбасы институтын қолдау орталығы» КММ жұмысы туралы мәселе қаралды.

Республиканың медициналық-әлеуметтік мекемелерін деинституттандыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Өздеріңіз білетіндей, арнайы әлеуметтік қызметтер әр адамның жеке қажеттіліктеріне қарай ұсынылады. Қызметтердің көп бөлігін ірі мемлекеттік интернаттар көрсетеді, олардың кейбіреулері 300 адамға дейін жетеді, бұл көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етеді. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекстің жобасында жұмыс істеп тұрған медициналық-әлеуметтік мекемелерді институттандырудан шығаруға баса назар аудара отырып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту көзделеді. Бұл бір жағынан халықты қамтуды кеңейтуге, екінші жағынан көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Министр Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалана отырып, мұқтаж азаматтарға олардың тұратын жерлерінде немесе оларға жақын жерде қызмет көрсететін 20-дан астам шағын жинақталған үй құрылғанын атап өтті.

Оң мысал ретінде Жамбыл облысының Үшарал қаласындағы «Жансая» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы» КММ және Жамбыл облысындағы «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ жұмысы көрсетілді.

Әлеуметтік кодекс жобасында қарастырылған жаңалықтарды ескере отырып, отбасын қолдау орталықтары жұмысының келешегі туралы кеңеске қатысушыларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова айтып берді. Ол өз баяндамасында Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) пайдалануға ерекше назар аударды, ол мемлекеттік қызметтер көрсетудің проактивті форматының жаңа құралына айналды.

Цифрлық картада мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Қазіргі уақытта ОЦК шеңберінде проактивті форматта жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызмет көрсетеді. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2024 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасына денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы