Дүйсенова Абай облысының активімен кездесу өткізді

11 Қараша 2022, 12:12
794
Бөлісу:
Дүйсенова Абай облысының активімен кездесу өткізді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Абай облысына жұмыс сапары барысында өңір активімен кездесу өткізді,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Еңбекминінің басшысы Отбасының цифрлық картасын енгізу туралы айтып, халықты жұмыспен қамту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты.  

Тамара Дүйсенова өз сөзінде биылғы жылдың 10 айында Абай облысында 12 184 адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос орындарға – 3 527 адам, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде – 4 999 адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен – 3 658 адам қамтылғанын атап өтті.

Дүйсенова Абай облысының активімен кездесу өткізді

Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтардың жұмысқа орналасуы міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Абай облысында бұл көрсеткіш 76% құрайды. Бұл ретте Курчатов қаласы мен Бесқарағай ауданында ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде жұмысқа орналастырылған азаматтар бойынша зейнетақы аударымдары бар адамдардың үлесі тиісінше 51% және 54%-ды құрайды, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Министр Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша өңірдегі жақсы нәтижелерді атап өтті. Жоспарланған көрсеткіш 3 732 болған кезде, 9 493 жұмыс орны құрылды немесе 254%-ды құрады. Бұл ретте Абай облысында 244 жалған жұмыс орны анықталды, оның 41-і Семей қаласында болып отыр.

Облыс әкімдігі тұрақты жұмыс орындарын құруды, деректердің дұрыстығын қамтамасыз етіп, бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты шаралар қабылдауы қажет, – деп атап көрсетті Тамара Дүйсенова.

Министр кездесуге қатысушыларды Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Бұл ретте біз өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады. Абай облысында төлемдер 177 алушыға тағайындалды, қазіргі уақытты азаматтардан оң жауап берілген 210 хабарлама бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Тамара Дүйсенова.

Дүйсенова Абай облысының активімен кездесу өткізді

Уақтылы көрсетілмеген мемлекеттік қызметтердің мысалы ретінде ол Абай облысынан 3-ші және 4-ші бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы тағайындауға өтініш білдірмеген отбасыны келтірді.

Министрлік басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдерімен жұмыс берушілердің еңбек заңнамасының нормаларын сақтауы, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, балалары бар отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарды қолдау, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік объектілерді бейімдеу мәселелерін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы