Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің көптеген елдерінде, тіпті біздің елімізде де өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі жүрек аурулары кезінде ағзаға пайдалы тағамдарды зерделеп, ҒЗИ кардиология және оңалту бөлімшесінің кардиолог дәрігері Талшын Қалиолдаевамен сұхбатасты.
- Шамадан тыс тамақтанудың денсаулыққа тигізер қауіпі қандай?
Адам күнделікті рационына барлық “дәмді” тағамды қосуға тырысады. Құнарлы сорпалар, ысталған және майлы ет, маринадтар, тұзды балық, сүт өнімдерін, торттар және т.б. Біздің ағзамыз өмірлік қуат алу үшін бәрін қорытуға дайын. Бірақ барлығын бірдей тұтыну дұрыс емес.
Адамның тамақтануы мен ауруы арасында байланыс бары ғылыми түрде дәлелденген. Дұрыс тамақтану - жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтудың ажырамас бөлігі.
Шамадан тыс тамақтану асқазанды толтырады, диафрагманы басып, жүректің жұмысын қиындатады. Шамадан тыс мөлшерде ішкен сұйықтық та жүрекке жүктеме тудырады.
- Тамақтану кезіндегі қауіп факторларға тоқтала кетсеңіз.
Жүрек - ағзадағы үздіксіз жұмыс істейтін және қанды айдайтын, бүкіл денені қоректік заттар мен оттегімен қамтамасыз ететін жалғыз бұлшық ет. Адамның ұзақ өмір сүруі мен жұмыс қабілетін мүмкіндігінше ұзақ сақтай алуы үшін, жүрек-қан тамырлары жүйесінің әртүрлі ауруларына ерте диагностика жасау қажет.
Салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану әдеттері арқылы аурудың алдын алу маңызды. Жүрек-қан тамырлары аурулары кезінде тамақтануда қауіп факторлары - жемістерді, көкөністер мен жидектерді аз тұтыну, тұз бен қаныққан май қышқылдарын шамадан тыс тұтыну, тағамда талшықты заттардың болмауы және соның салдарынан дұрыс тамақтанбауға байланысты артық салмақ пайда болады.
- Жүрегі ауыратындарға жеуге болмайтын тағамдар бар ма?
Тұзды тұтынуды күніне 1,5-2 граммға дейін шектеңіз. Тұздалған және консервіленген тағамдар, ірімшіктер, шұжықтар және басқа да натрийі жоғары тағамдардан аулақ болыңыз. Қаныққан майларды тұтынбаңыз. Құрамында май, кілегей, шошқа майы, ысталған ет және майлы ет сияқты көптеген жануарлар майлары бар тағамдарды пайдаланбаңыз.
Оның орнына өсімдік майларын, балық, жаңғақтар және дәндерді тұтынған абзал. Алкоголь және кофеин бар сусындарды шамадан тыс тұтынудан аулақ болыңыз, өйткені олар жүрек қызметінің жеткіліксіздігі белгілерін үдетуі мүмкін.
- Ал қандай тағамдарды тұтынғанды абзал деп санайсыз?
Рационға көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар мен бұршақ дақылдарын қосыңыз. Жасұнық (клетчатка) холестерин деңгейін бақылауға көмектеседі және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін азайтады. Омега-3 май қышқылдарын тұтыну қабынуды азайтуға көмектеседі және жүрек қызметін жақсартады.
Рационға балықты қосыңыз: қызыл балық, майшабақ немесе теңіз балығын (треска), сондай-ақ жаңғақтар мен зығыр дәні. Науқастың жағдайына байланысты дәрігер сұйықтықты тұтынуды шектеуді немесе көбейтуді ұсынуы мүмкін. Денедегі сұйықтықтың тепе-теңдігін сақтау үшін осы нұсқауларды орындаңыз.Дұрыс салмақты сақтаңыз және дәрігердің салмақты бақылау жөніндегі нұсқауларын орындаңыз.
Артық салмақ жүрек қызметі жеткіліксіздігінің белгілерін нашарлатуы мүмкін. Тағамдағы қоректік заттардың дұрыс қатынасын сақтау және оның әртүрлі болуына мән беру маңызды. Дұрыс тамақтану жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтып қана қоймай, бұл ауруларды емдеуде деайтарлықтай ықпал етеді.
Тамақтануға байланысты көптеген жүрек-қан тамырлары ауруларын бақылауда ұстауға болады. Өз рационыңызды қадағалаңыз, пайдалы тағамға артықшылық бере отырып, зиянды тағамдардан аулақ болыңыз. Дұрыс тамақтансаңыз, деніңіз сау болады.
- Әңгімеңізге рахмет!