Дуалды оқыту. Тәлімгерге еңбекақы бюджеттен төленетін болады

19 Сәуір 2022, 12:03
1170
Бөлісу:
Дуалды оқыту. Тәлімгерге еңбекақы бюджеттен төленетін болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

Сондай-ақ ол сапаны қамтамасыз етудің тағы бір шарты – білім беру бағдарламаларын жаңарту екендігін алға тартты.  

Дайын болған кәсіби стандарттар бойынша университеттерде 4 мыңнан астан бағдарлама жаңартылды. Мысалы, жасанды интеллект, IT медицина, цифрлық заңгер сияқты бұрын болмаған 269 жаңа бағдарлама енгізілді. Колледждерде де осы жұмыс қарқынды іске асуда. Біз алғаш рет жоғары білім деңгейінде қолданбалы бакалавриатты пилоттық режимде енгіземіз. 2-2,5 жылдай, қысқа мерзімде практик маман даярлап шығаруға мүмкіндік береді. Өмір бойы оқу қағидасы шеңберінде біз формалды емес білім берудің нәтижелерін тануды, микроквалификациялар алуға мүмкіндік береміз, - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар еліміздің бас ұстазы дуалды оқытуға тоқталды. 

Сапалы маман болу үшін тәжірибемен ұштастырып оқыту, яғни дуалды оқыту аса маңызды. Алайда дуалды оқыту мәселесінде бірқатар проблемалар болды. Кәсіпорындардан минималды жалақы төлеу, тәлімгер бекіту, арнайы киіммен қамтамасыз ету сияқты талаптар олардың белсенділігіне кедергі жасады. Біз бұл мәселелерді кезең-кезеңмен шешудеміз. Мысалы, минималды жалақы төлеу алып тасталынды, тәлімгерге еңбекақы төлеу бюджеттен қарастырылады. Енді оқуда болатын шығын материалдарын, студенттерді сақтандыру мен арнайы киімдерге шығындарды өтеу мәселесін шешумен айналысудамыз, - деді ведомство басшысы.  

Сонымен қатар министр ірі кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алу жұмысын атап өтті.

2021 жылы 51 кәсіпорын колледждерге қамқорлық жасаса, қазір 406 кәсіпорын 406 колледжді қамқорлыққа алды. Бірқатар кәсіпорындар колледждерпен бірге жұмыс жасауда. Олар бағдарламаларды жаңарту, дуалды оқыту, материалдық базаны нығайту сияқты жұмысқа араласуы тиіс, - деді Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы