ДСМ ауылдарда жедел жәрдемнің сапасын жақсартады

5 Ақпан 2023, 13:35
1288
Бөлісу:
ДСМ ауылдарда жедел жәрдемнің сапасын жақсартады

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлгі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігі халыққа шұғыл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін ведомствоның «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 19 қаңтардағы бұйрығына өзгерістер енгізді.

Бұйрыққа сәйкес жедел жәрдем бригадасының құрамына парамедик – алғашқы көмек көрсету бойынша қосымша функцияны орындай алатын және шақыруларға қызмет көрсету бойынша жедел медициналық жәрдем бригадаларының жұмысына қатыса алатын алғашқы көмек көрсету бойынша кәсіптік даярлық курсынан өткен адам кіреді.

Халықтың саны 100 мың адамнан тұратын моноқалаларда жергілікті атқарушы органдардың қалауына қарай дербес жедел медициналық жәрдем стансалары ұйымдастырылады.

Дәрігерлік бригадалардың саны құрамына мамандандырылған (дәрігерлік), оның ішінде балалар қарқынды терапия бригадалары, бейінді бригадалар (кардиологиялық, педиатриялық) кіретін бригадалардың жалпы санының кемінде 25% құрайды.

Бүгінде елімізде 1500-ге жуық жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді, оның 18% - мамандандырылған дәрігерлік бригадалар.

Талдау көрсеткендей, қанайналым жүйесінің аурулары мен балалардағы ауруларға байланысты қиындықтар жиі кездеседі.

Сондай-ақ, жедел жәрдем стансаларына медициналық ақпараттық жүйелерге қолжетімділік беріледі, бұл үйлестіруші ұйым үшін медициналық көмек көрсетуде интеграцияны қамтамасыз етеді.

«Жедел жәрдем стансалары 10 мың және одан аз халыққа шаққанда бір бригаданың есебінен бригадамен жарақтандырылатынын, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарындағы ЖМК бөлімшелері халықтың өтінішін ескере отырып, 35 мың және одан аз халыққа шаққанда бір бригаданың есебінен бригадамен жарақтандырылатынын естеріңізге саламыз», - деді министрліктен.

Диспетчерлердің ауылдық елді мекендердегі шақыруларға қызмет көрсетуі үшін аудандық қосалқы стансаларға мамандар, сондай-ақ жақын маңдағы медициналық ұйымдардың санитариялық автокөліктері тартылуы мүмкін.

Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша елді мекендерде ЖМК функциялары бірлесіп орындау шарты арқылы берілуі мүмкін.

Бұл инновациялар ЖМК қызметінің ел халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы