Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысының Ақтас ауылындағы Республикалық психиатриялық ауруханада пациенттерге қатыгездік көрсетілді деген айыптауларды жоққа шығарды.
Тексеруді Instagram-да жарияланған жазбадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген. Жазба авторы 2008 жылы аурухананың №7, №10 және №12 бөлімшелерінде болған кездегі жеке естеліктеріне сүйенген.
Мамандар пациенттердің құқықтарының сақталуын, медициналық және медициналық-әлеуметтік көмектің сапасын, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын тексерді.
7 тамыздағы тексеру актісіне сәйкес, пациенттерге күш қолдану арқылы шектеу шараларын қолдану, дәрі-дәрмекті жазалау құралы ретінде пайдалану және адамның ар-намысын қорлайтын басқа да әрекеттер туралы мәліметтер расталмаған.
Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің құқықтары, ар-намысы мен қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтті.
Сонымен қатар ведомство көрінеу жалған ақпарат тарату мән-жайға байланысты Қазақстан заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.