Дрон, SOS батырмасы, жүрек соғысын бақылау: Депутат әскердегі қауіпсіздікті күшейтуді ұсынды

30 Қыркүйек 2026, 12:48
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 30 Қыркүйек 2026, 12:48
30 Қыркүйек 2026, 12:48
131
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығулары кезінде адам өмірін қорғауға арналған бірыңғай қауіпсіздік стандартын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Аббат Өрісбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында әскери реформаның маңызды бағыттарының бірі ретінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігін көтерді.

Депутаттың пікірінше, әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығулары кезінде тәуекел жоғары болғандықтан, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек. Осыған байланысты ол Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.

Атап айтқанда, депутат оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алуды және әр қатысушыны жеке электронды белгімен қамтамасыз етуді ұсынды. Бұл олардың орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ әр қатысушыға геолокацияны көрсететін арнайы құрылғы беру қажет екенін айтты. Мұндай құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуге тиіс. Ал қатысушы құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруі керек.

Адамның физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғылар енгізу керек. Олар жүрек соғысы секілді негізгі көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы қажет, - деді депутат.

Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігін дереу тоқтату ұсынылды.

Депутат әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспортын әзірлеу қажеттігін де атап өтті. Оның ішінде қатысушылардың медициналық тексеруден өткені, қауіп-қатер картасы, эвакуация бағыттары, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуі керек. Сонымен қатар оқу-жаттығу өтетін аумақ алдын ала мұқият тексерілуге тиіс.

Аббат Өрісбаев Үкіметтен осы бағытта барлық мемлекеттік органның жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талаптарының орындалуын тексеруді сұрады.

Оның ұсынысы бойынша, үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізу қажет. Нәтижесі оң болған жағдайда оны барлық өңірге енгізу ұсынылды.

Бұл жерде ең басты мәселе – адам өмірі және қауіпсіздігі. Әскери қызметші де, құтқарушы да оқу-жаттығу кезінде өз қауіпсіздігіне сенімді болуы керек. Қандай жағдай болмасын, төтенше жағдайға алғашқы минуттарда әрекет етуге мүмкіндік беретін жүйе жұмыс істеуі тиіс, – деді депутат.

Оның айтуынша, оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Керісінше, оның басты мақсаты – төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету.

Сондықтан қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруы тиіс, – деп түйіндеді Аббат Өрісбаев.

 

Наверх