Досаев Алмалы ауданының өзекті мәселелерімен танысты

21 Ақпан 2022, 12:21
1278
Бөлісу:
Досаев Алмалы ауданының өзекті мәселелерімен танысты

Алматы, BAQ.KZ. Қала басшысы жұмыс сапарын қалалық ревматологиялық орталықты аралаудан бастады. Бұл - ревматологиялық аурулары бар науқастарға арналған елдегі жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте, аталған аруханаға жату кезегінде еліміздің түкпір-түкпірінен 532 адам тұрғаны айтылады. Өткен ғасырдың 40-шы жылдарында салынған орталық ғимаратының өзі кеңейту мен жөндеуді қажет етеді. Е.Досаев жайлы қалалық орта және жер қатынастары басқармаларына ғимаратты күрделі жөндеу қажеттілігі туралы мәселелерді пысықтауды, сондай-ақ бұрынғы ғимараттың орнына жаңа корпус салу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Түркебаев көшесі, 93 мекенжайында орналасқан №144 мектепте оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 300 балаға арналған корпустың құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылдың наурыз айында Брусиловский көшесі, 15 мекенжайындағы №34 гимназияда 550 орындық жаңа корпусты іске қосу жоспарлануда. Жайлы қалалық орта және білім беру басқармаларына «Орта және мектепке дейінгі білім беру объектілерін реновациялау» бағдарламасын қабылдау қажеттілігі мәселесін зерделеу тапсырылды, - делінген ақпаратта.

Аралау барысында қала басшысы №2 Оқушылар үйіне барды. 1936 жылы салынған қаңқалы-қамысты құрылыс ғимараты апатты жағдайда тұр. Бүгінде үйірмелерге күн сайын 800-ден астам бала қатысады. Алматы әкімі жайлы қалалық орта, қалалық жоспарлау және урбанистика, білім басқармаларына қолданыстағы ғимараттың орнына жаңа ғимарат салу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Досаев Алмалы ауданының өзекті мәселелерімен танысты

Ауданды аралау барысында Алматы әкімі Шевченко - Манас - Жамбыл - Байзақов көшелерінің шаршысындағы ескі үйлердің тұрғындарымен кездесті. Е.Досаев үйлер мен инженерлік желілердің жағдайына техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

Жұмыс сапарының соңында есірткі қылмыстары мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «НаркоStop» әлеуметтік жобасының авторларымен және еріктілермен танысты. Пилоттық жоба 2021 жылдың қазан айында Алмалы ауданы әкімінің қолдауымен және Алматы қаласы полиция департаменті мен қоғам белсенділерінің қолдауымен іске қосылды. Қала әкімі қоғамдық даму басқармасына әлеуметтік бастамаға қолдау көрсетіп, мегаполистің басқа аудандары бойынша жобаны «көбейту» мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Аралау қорытындысы бойынша қала басшысы Е.Досаев Алмалы ауданының әкімі Е.Сейтеновтің жұмысын мақұлдады және әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және өзекті мәселелерді шешу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
 

Өзгелердің жаңалығы