Сағатың тоқтамасын. Астанада әлемде жасалмаған ота жасалды

6 Ақпан 2019, 14:25
6460
Бөлісу:
Сағатың тоқтамасын. Астанада әлемде жасалмаған ота жасалды
PHOTO

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Әлемде миллиондаған адам донорлық жүрекке мұқтаж. Науқастардың көбі донор табылғанша қайтыс болады. Сол себепті қазір ақауы бар жүректің орнына жасанды жүрек салу дамып келеді. Ал Қазақстанда әлем бойынша тұңғыш рет жүрекке ерекше ота жасалды.

Бұрын қалай еді?

Халықаралық статистикаға сәйкес, әлемде 26 миллион адам жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігінен зардап шексе, жыл сайын 900 000-ға жуық жаңа пациенттер анықталады. Олардың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – жүрек трансплантациясы. Әлемде 800 мыңға жуық адам жүрек трансплантациясын қажет етсе, оның ішінде алғашқы бес жыл ішінде 7-50% адам донорлық жүрек табылмағандықтан қайтыс болады.

Осы жағдайларға байланысты науқастарға жасанды жүрек салу дамып келеді. Алайда, жасанды жүрекпен өмір сүретіндер өзімен бірге салмағы 3 келіге жететін сөмкені әрдайым тасып жүруі тиіс болатын. Онда жүректі қуаттандыратын батареялар мен адам денсаулығын бақылайтын құрал орналасатын. Дәрігерлер ұзақ уақыт бойы оның қаупімен күресті. Себебі, құрылғы сымы дененің сыртына шығып тұратындықтан, денеге түрлі инфекциялар еніп кетуінен науқастар көз жұмып жатты.

Әлемде жасалған алғашқы ота
Сағатың тоқтамасын. Астанада әлемде жасалмаған ота жасалды

2018 жылы 15 желтоқсан күні Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта ерекше ота жасалды. Юрий Пя бастаған қазақстандық кардиохирургтер командасы Чехия, Израиль, Италия және АҚШ-тан келген серіктестерімен бірігіп, қосалқы қанайналым құрылғысын имплантациялау бойынша ерекше отаны сәтті өткізді. Ота дилатациялық кардиомиопатия диагнозы қойылған 1994 жылы туған азамат – Исмаил Тұрсыновқа жасалды.

Бұл отаның ерекшелігі сол, имплантацияланған құрылғы – сыртқы қуат көзіне тікелей қосылмайтын әлемдегі алғашқы көмекші құрылғы. Бұл – кардиохирургиялық тәжірибесінде алғаш рет болып отырған әлемдегі бірегей және жалғыз оқиға.

Елімізде 629 кардиохирургиялық төсек бар 

Сағатың тоқтамасын. Астанада әлемде жасалмаған ота жасалды

Бүгін Астанада Орталық коммуникация қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, дәрігер Юрий Пя және Чехия, Израиль, Италия және АҚШ-тан келген ғалымдардың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында ота қалай жасалғаны туралы айтылды.

ҚР Денсаулық министрі Елжан Біртанов елімізде кардиохирургия саласы қарқынды дамып кете жатқанын айтты.  

«Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ-да жүректі транспланттау (74 операция), сол жақ қарыншаның қосалқы қанайналым құрылғысын импланттау (283-тенасаоперация), толығымен жасанды жүректі импланттау (жасанды жүрек баламасының 3 операциясы) сияқты бірегей операциялар жасалады», - деді ол.

Мемлекетімізде 629 кардиохирургиялық төсек бар, оның 483-і ересектерге, 146-сы балаларға арналған.

«Исмаилға ота Израильде дайындалған технологиялық шешімді қабылдай отырып жасалды. Жасанды жүрек қарыншасының құрамдас бөліктерінің көлемі кішкентай және ол науқастың денесінің ішіне орналасады. Құрылғының жағдайын бақылап отыру мақсатында науқас жетекті белдік (приводной ремень), контроллер, аккумулятор және қолға тағатын сағат қолданады. Құрылғы сымсыз зарядталады және адам өміріне қауіп төндірмейді», - дейді «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Юрий Пя.

Бөлме ішінде өткен өмір

Сондай-ақ, дәрігер жаңа жүйе бойынша ота жасалған науқасқа өзімен бірге құрылғылар салынған ауыр белдікті көтеріп жүруіне тура келмейтінін айтты. Жүйе қуатталу көмегінсіз 8 сағатқа дейін шыдайды.

«Ота жасауға дейін Исмаидің өмірі бөлмесінің ішінде ғана өтетін. Душ қабылдап, бірақ отыра тұруға ғана қауқары жететін. Мұндай әрекеттерді жасаған кезде ол демігіп қалатын. Қазір ол жүре алады, серуендей алады, сонымен қатар сауықтыру орталықтарына баруға мүмкіндігі бар. Теннис ойнап, суға да жүзе алатын болды», - дейді ол.

Жануарларға жасалған эксперимент бұл жүйе өте тиімді және сенімді екенін дәлелдеген. Бұл қадамға бармас бұрын Юрий Пя мен оның командасы 10 жылға жуық шетелдік әріптестерімен бірге жұмыс істеген.

«Сағатыма қарап, қанша қуатым қалғанын білем»

«Алматы тұрғынымын. Осы отаның жасалуын 1 ай күттім. Мен бұл орталықта қандай жағдайлар болғанын өз көзіммен көрдім. Екі ай бойы керуеттен басын көтере алмаған науқастар ота жасаудан кейін ел қатарлы өмір сүріп кетті. Сондықтан осында жұмыс істейтін дәрігерлерге сенім арттым», - дейді ота жасатқан азамат Исмаил Тұрсынов.

Оның салмағы ота жасауға дейін 94 келі болса, ота жасаудың нәтижесінде 67 келіге дейін түскен.

«Отаға дейін жиі демігіп қалатынмын. Қол-аяғым ісіп кеткен еді. Әр басқан қадам мен үшін қиын болды. Қолымдағы сағат құрылғыны қай уақытта қуаттау керек екенім туралы белгі береді. Қуаты 40% болған кезде арнайы жилет киіп, құрылғыны қуаттап алам. Ота жасаған дәрігерлерге алғыс айтам», - деді ол.

Зарина Әбілмәжінова
Өзгелердің жаңалығы