Донердің ішінен телефон шықты: Ақтөбеде түрмеге тыйым салынған заттарды кіргізбек болған

ҚАЖ қызметкерлері екі заңбұзушылықты қатар әшкереледі. Бір әрекетте ақша, екіншісінде телефон тәркіленді.

11 Тамыз 2026, 10:13
АВТОР
 ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі 11 Тамыз 2026, 10:13
11 Тамыз 2026, 10:13
99
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне тыйым салынған заттарды кіргізудің екі әрекетінің жолы кесілді. Оқиға №8 мекемеде «Тосқауыл» режимдік-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

2026 жылғы 10 тамызда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеменің режим және жедел бөлім қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру шараларын жүргізген.

Алдымен сағат 15:50 шамасында мекеме қызметкерлері «Строй-Проф» ЖШС жүргізушісі С.Т.-ны тексеру кезінде оның шалбарының қалтасынан 20 мың теңге ақша анықтап, тәркіледі. Ақша номиналы 10 мың теңгелік екі банкноттан тұрған, - деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, арада 40 минут өткен соң тағы бір заңбұзушылықтың беті ашылды. Сағат 16:30 шамасында А.С. азаматы жеткізген сәлемдемені тексеру барысында азық-түлік өнімдерінің арасынан донердің ішіне жасырылған ұялы телефон табылды. Телефон сотталған адамға беруге арналғаны анықталды.

Осы факті бойынша А.С.-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының мәліметінше, аталған жағдайлар қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қырағылығы мен кәсіби әрекетінің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Мекеме басшылығы азаматтарды ҚАЖ мекемелеріне барған кезде белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сотталғандарға тыйым салынған заттарды беруге жасалған әрекеттер Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Наверх