АҚШ президенті Дональд Трамп Британдық хабар тарату корпорациясын (ВВС) жала жапты деп айыптап, 5 миллиард доллар өтемақы талап етіп сотқа жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, жала 2021 жылғы 6 қаңтарда жасаған мәлімдемесінің «Панорама» бағдарламасының деректі фильмінде сөздерінің әдейі қиылып, бұрмаланып берілуі арқылы көрініс тапқан.
Трамп 15 желтоқсанда АҚШ-тың Флорида штатындағы сотқа берілген талап-арызында ВВС-ден бес миллиард доллар өндіріп алуды сұрап отыр. Оның адвокаттары корпорацияны коммерциялық құқық туралы заңдарды бұзды, сондай-ақ «қасақана, зұлым ниетпен және көрерменді жаңылыстыратын» редакциялау жүргізді деп айыптайды.
Әңгіме Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтарда сөйлеген сөздері туралы болып отыр. Бұл – оның жақтастары Капитолийге басып кірген күн.
Қазіргі уақытта ВВС басшылығы талап-арыздың берілуіне қатысты ресми түсініктеме жасаған жоқ.
Қараша айында ВВС Трамптан оның сөздерін монтаждағаны үшін кешірім сұраған, алайда өтемақы төлеу талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Корпорация өз ұстанымында бұл жағдайда жала жабу туралы айтуға негіз жоқ екенін мәлімдеген.
Трамп сотқа жүгінетінін қарашаның басында-ақ жария еткен болатын.
Мен мұны істеуім керек деп ойлаймын. Олар алдап кетті. Мен айтқан сөздерді өзгертіп жіберген, — деген Трамп журналистерге.
Осыдан кейін ол корпорацияға сотқа беретінін ескерткен хат жолдаған.
Аталған даудың ушығуына британдық Telegraph газетінде жарияланған Майкл Прескоттың қызметтік жазбасы себеп болғаны атап өтіледі. Ол — ВВС-дің редакциялық стандарттар комитетінің бұрынғы тәуелсіз кеңесшісі.
Құжатта Прескотт корпорация басшылығына Panorama бағдарламасында Дональд Трамптың сөзі мәні бұрмаланатындай етіп монтаждалғанын, соның салдарынан айтылған ойдың мазмұны өзгеріп кеткенін көрсеткен.