Домбыра күні. Арқалықта домбыра мүсіні қойылды

3 Шілде 2020, 14:45
2894
Бөлісу:
Домбыра күні. Арқалықта домбыра мүсіні қойылды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Арқалықта "Домбыра" мүсіндік композициясының салтанатты ашылуы өтті. Ұлттық домбыра күніне орайластырылған шараға қаладағы мәдениет қайраткерлері қатысып, бастамашыларға батасын берді.

Мүсіннің биіктігі – 3 метр, тұғыры – 70 см. Қаңқасы темірден жасалып, сырты синтетикалық материалмен қапталған. Бастамашы жастар жобаның қымбатқа түспеуін басты мақсат еткенін айтады.

Біз, жастар жобаға бастамашы болғанымызбен, тапсырыс беруші – қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Мүсінді дайындап берген – амангелділік жас кәсіпкер Жасұлан Нұрбаев. Бұл - "Рухани жаңғыру" жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру шеңберінде қолға алынған шаруалардың бірі. Осы бір шағын ғана жұмысымыз арқылы жаңғырту идеясының айналасында қоғамды біріктіру, ежелгі ұлттық аспаптарды дәріптеу турасында айтқымыз келді, - дейді "Жасампаз жастар ұйымы" қоғамдық бірлестігі төрайымы және жоба жетекшісі Гүлхашима Оразова.

Мүсіннің лентасын қию құрметі мәдениет қайраткерлері Шөптібай Байділдин мен Бораш Әбеновке берілді.

Қазіргідей жағдайда елдің көңілін көтеретін осындай жаңалықтар керек деп санаймыз. Домбыра жай ғана аспап емес, ол – қазақтың жаны. Торғай елі дарынға кенде болмаған. Бұл мүсінді соларға қойылған белгі десек те артық емес. Өйткені, олардың ішінде ұлттық өнерді, соның ішінде домбыраны дәріптеп өткендер аз емес, - деді мәдениет қайраткері Бораш Әбенов.

Өзгелердің жаңалығы