Доллар қымбаттады: Ұлттық қордан тағы жүздеген миллион доллар сатылады

Мамырда теңге 5,1%-ға әлсіреп, доллар 486 теңгеден асты. Ұлттық қордан валюта сатылымы жалғасады, ал Ұлттық банк жаңа жоспарымен бөлісті.

Бүгiн 2026, 18:36
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 18:36
Бүгiн 2026, 18:36
190
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Мамыр айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5,1%-ға әлсіреп, бір АҚШ долларының құны 486,51 теңгеге жетті. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді.

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықтың орташа күндік көлемі сәуірдегі 394 млн АҚШ долларынан мамырда 392 млн АҚШ долларына дейін төмендеген. Жалпы сауда көлемі 6,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Мамыр айында республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 500 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылған. Бұл жалпы сауда көлемінің 7,5%-ына тең. Күніне орта есеппен 29,4 млн АҚШ доллары нарыққа шығарылған, - деп хабарлады Ұлттық банк.

Ұлттық банк маусым айында республикалық бюджетке трансферттер бөлу мақсатында Ұлттық қордан 200 млн-нан 300 млн АҚШ долларына дейін валюта сатуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар мамыр айында «айналау» операциялары шеңберінде шамамен 354 млрд теңге алынған. Маусымда осы мақсатта дәл осындай көлемге баламалы валюта сатылмақ.

Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатымен жүргізілетін операциялар мен «айналау» тетігін іске асыру кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайтынын атап өтті.

Валюталық интервенция жүргізілген жоқ

Реттеушінің мәліметінше, мамыр айында валюта нарығында интервенция жасалмаған.

Ал квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату аясында шамамен 410 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылған.

БЖЗҚ үшін 878,5 млн доллар сатып алынды

Ұлттық банк өткен айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтеріндегі валюталық үлесті 40%-дан төмен түсірмеу мақсатында шетел валютасын сатып алған, - делінген хабарламада.

Мамыр айында сатып алынған валютаның жалпы көлемі 878,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл жалпы сауда көлемінің шамамен 13%-ына тең.

Реттеуші алдағы шешімдер зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтағы жағдайға қарай қабылданатынын жеткізді.

Теңге бағамына не әсер етеді?

Ұлттық банктің хабарлауынша, қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарық қатысушыларының күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси факторларға байланысты болады.

Реттеуші теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін әрі алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу саясатын жалғастыратынын мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз: БЖЗҚ-да 45 млрд теңге жатыр: Мыңдаған қазақстандық өз ақшасын әлі алмаған 

Наверх