Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Доллар құтқармайды": Сарапшы жинақты қалай сақтаған тиімді екенін айтты

Жансая ҚАМБАР
Бүгiн, 10:00
283
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

2025 жылдың соңына қарай Қазақстанның банк жүйесіндегі депозиттер көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 44 трлн теңгеден асты. Негізгі өсім ұлттық валютадағы салымдар есебінен қамтамасыз етілді: теңгедегі депозиттер тұрақты түрде көбейіп келеді, ал шетел валютасындағы салымдардың үлесі біртіндеп азаюда. Жыл қорытындысы бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен оң нақты табыстылық жағдайында теңге халық пен бизнес үшін негізгі жинақ құралына айналды.

Бұл үрдіс депозит нарығында қалыптасқан жағдайлармен тікелей байланысты. 2025-2026 жылдары банктер теңгедегі мерзімді салымдар бойынша жылдық 18-20 пайызға дейін табыс ұсынып отыр. Бұл салымшыларға инфляция деңгейінен жоғары табыс табуға мүмкіндік береді. Ал валюталық депозиттер табыстылығының төмен болуына байланысты бұрынғы тартымдылығын жоғалтып келеді. Осындай жағдайда таңдалған бағыт қаншалықты дұрыс екенін және доллар мен алтынды балама құрал ретінде қарастыру қажет пе деген сұраққа жауап іздеу үшін BAQ.KZ тілшісі экономист Бауыржан Ысқақовпен сұхбаттасты.

Экономистің айтуынша, теңгедегі депозиттердің танымалдығының артуы – салымшылардың макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне берген ұтымды реакциясы.

Ұзақ уақыттан бері алғаш рет теңгедегі депозиттер нақты табыс әкеле бастады. Олардың пайыздық мөлшерлемесі жылына 18-20 пайызға жетіп, инфляциядан асып жатыр. Бұл қаражатты сақтап қана қоймай, оның сатып алу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Ал валюталық депозиттер табыстылығы төмен болып қалып отыр және бағаның өсуін өтей алмайды, сондықтан олар әлдеқайда тартымсыз көрінеді, – деп түсіндірді Ысқақов.

Осы тұста жинақты долларға ауыстыру қажет пе деген сұрақ жиі көтеріледі. Экономистің айтуынша, шетел валютасының маңызы сақталғанымен, қазіргі рөлі шектеулі.

Доллар әлі де экономикалық тұрақсыздық жағдайында қорғаныш активі ретінде өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ұзақ мерзімді перспективада теңгенің әлсіреу сценарийлері, соның ішінде доллар бағамының 550 теңге шамасына дейін жетуі де мүмкін. Бұл валютамен жинақ сақтауға белгілі бір негіз береді. Алайда ірі қаржы ұйымдарының жақын кезеңге арналған болжамдары доллардың күрт нығаюынсыз салыстырмалы түрде тұрақты бағамды көрсетіп отыр. Ал бағам айырмасынан табыс табу үшін қозғалыс әлдеқайда күшті болуы керек, мұндай сценарийлер қазір екіталай, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, барлық жинақты тек бағам өседі деген үмітпен долларға ауыстыру бүгінгі таңда оңтайлы шешім емес, өйткені бұл теңгедегі депозиттердің жоғары табысынан қағылуға әкеледі.

Ысқақов жинақ құрылымында алтынның да өз орны бар екенін атап өтті. 2025 жылы алтын көптеген валюталар мен қаржы активтеріне қарағанда әлдеқайда қарқынды өсті.

Алтын дәстүрлі түрде инфляция мен саяси тұрақсыздыққа қарсы сақтандыру құралы ретінде қарастырылады. Оның бағасы қазір жоғары деңгейде әрі көптеген сарапшылар алдағы уақытта да өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда алтын пайыздық табыс әкелмейтінін түсіну керек – пайда тек бағаның өзгеруі есебінен қалыптасады. Сондықтан бұл құрал жылдам табысқа емес, ұзақ мерзімді капиталды қорғауға бағытталған адамдарға көбірек сәйкес келеді, – дейді ол.

Депозиттерден, валюта мен бағалы металдардан бөлек, салымшылар үшін қаражат орналастырудың өзге де нұсқалары бар. Олардың қатарында облигациялар, қор нарығы және криптовалюталар бар. Алайда бұл құралдар қаржылық сауаттылықтың жоғары деңгейін және тәуекелге дайын болуды талап етеді.

Облигациялар тұрақты табыс іздейтіндер үшін қызықты болуы мүмкін. Қор нарығы мен биржалық қорлар – бірнеше жылдық инвестициялық көкжиегі бар инвесторларға лайық. Ал биткоинді қоса алғанда, криптовалюталар жоғары өсім әлеуетіне ие болғанымен, аса құбылмалы, сондықтан тәуекелді түсінетін әрі бағаның күрт өзгеруіне дайын адамдарға ғана жарайды, – деп атап өтті экономист.

Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, ең ұтымды стратегия – диверсификация. Жинақтың негізін қазіргі жағдайда инфляциядан жоғары табыс әкеліп отырған теңгедегі депозиттер құрауы тиіс. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігін бағамдық тәуекелдерден қорғану үшін шетел валютасында сақтау, алтынды ұзақмерзімді қорғау құралы ретінде қарастыру, ал инвестициялық құралдарды капиталды біртіндеп өсіру мақсатында пайдалану орынды.

Жалпы алғанда, жинақты басқару тәсілі бір ғана “сенімді” құралды таңдаудан бас тартып, теңгерімді құрылым қалыптастыруға қарай бет бұрып келеді. Мұндай амал табыс табуға, тәуекелдерден қорғануға және экономикалық жағдайдың өзгеруіне икемді түрде бейімделуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы