Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Доллар бағамы өскен соң көптеген құрылыс компаниялары ертең материал қымбаттайды деп бағаны көтеріп қойды. Біздің есептеуіміз бойынша баға 15 пайызға дейін қымбаттады. Қаражаттан қысылған кейбір компаниялар салған құрылысын бұрынғы бағамен сатып жатыр. Бірақ бұған дейінгі бағалары да жоғары еді, соны ұстап отыр. Бұл туралы Қазақстан біріккен риэлторлар қауымдастығы кеңесінің мүшесі Орынбасар Сатаев пікір білдіру кезінде айтты.
Оның айтуынша, соңғы кездері баспана бағасы зейнетақы шотындағы қаражатты пайдалану бағдарламасынна байланысты көп көтерілген. Оған қоса пандемиядан жұмыс күшінің азаюы және материал бағасының қымбаттауы да құрылыс бағасының өсуіне әкелген. Жаңа үйлердің бағасы көтерілген соң сәйкесінше екінші нарықтағы баспана бағасы да өскен.
Соңғы жылдары еліміздегі жаңа үйлердің қымбаттауына материал бағасымен қоса көптеген мемлекеттік бағдарламалар әсер етті. Мәселен, 7-20-25 және басқа да бағдарламалар елдегі құрылыс компанияларын қолдауға бағытталды. Сондай-ақ банктер де кредиттік портфелдеріне ескі үйлерді жинап алғысы келмейді, сондықтан тек жаңа үйлерді қабылдады. Бұған дейін екінші нарықтағы үйлерді алуға мүмкіндік беретін «Баспана хит» бағдарламасы жабылып қалды. Қазір «Ұмай» және басқа да әскери бағдарламаларды шығарып жатыр. Бұлардың бәрі баспана бағасын тұрақты ұстап тұрады,-дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол баспана бағасы енді көтерілуі екіталай деген пікірін білдірді. Баға қанша көтерілгенімен сұраныс азайған.
Осы жолғы доллардың қымбаттауына байланысты құрылыс компаниялары бағаны көтерді. Бұл баға жазға дейін солай тұруы мүмкін, бірақ қандай да бір жаңа бағдарлама болмаса ол өтпейді. Сатушылар көбейіп, үйді сату қиынға түседі. Құрылыс компаниялары қазірден бөліп төлеу мерзімін 18 айға дейін ұзартып жатыр, алғашқы жарнаны 50 пайыз деп ұстап отыр ғой, енді соны 30%-ға дейін түсіруі мүмкін. Бәрін нарық өзі реттейді, өйткені компаниялар бағаны қатты көтеріп алды. Қазір баға көтеріліп барады деп бәрі баспана сатып алып жатқан жоқ. Бәрі бұның арты не болар екен деп күтуде, – дейді Сатаев.
Оның айтуынша, жалдамалы пәтер бағасы біраз уақытқа дейін сақталуы мүмкін. Оған мемлекеттің жалға алу жөніндегі бағдарламасы ықпал етуі мүмкін.
Биылдан бастап мемлекет кейбір азаматтардың жалға алған пәтерінің жарты бағасын төлеп береміз деп отыр. Бұл да нарықты қыздырады әрі жалға беру бағасының көтерілуіне әсер етеді. Бұны әсіресе бірнеше пәтері барлар пайдаланып қалуға тырысады, – деді ол.
Сонымен қатар ол соңғы кездері баспана салумен айналысатын компаниялар саны күрт артқанын жеткізді. Соңғы үш жылда тұрғын үй кешендерінің саны 10 есеге артыпты, бұған дейін Алматыда бар болғаны 30 шақты ТК болған.
Сондай-ақ ол Ресейден келетін құрылыс материалдары қымбаттауы мүмкін бе деген сауалға жауап берді.
Бұл жерде екі болжам бар. Құрылыс компаниялары материал қымбаттауы мүмкін деп жатыр. Дегенмен, 2015 жылы доллар қатты қымбаттаған кезде құрылыс материалдары Ресейден арзанға келді. Сәйкесінше үйді салу да арзанға түсті. Бұл жолы құрылыс компаниялары керісінше қымбаттап келеді деп отыр. Менің ойымша, олар қазір тауарын сыртқа шығара алмайды, көрші елдерге ғана сатады. Сондықтан материалдың бағасы түсу керек, – деді сарапшы.