ДНР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындау мәселесі тұрған жоқ – Сыртқы істер министрі

22 Ақпан 2022, 10:55
1440
Бөлісу:
ДНР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындау мәселесі тұрған жоқ – Сыртқы істер министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Үкіметтің кулуарында ДНР мен ЛХР төңірегіндегі ахуалға қатысты пікір білдірді. 

Қазіргі жағдай өте күрделі. Шиеленіс болып жатыр. Қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр. Қазір екі тәуелсіз елді мойындау туралы сұрақ тұрған жоқ. Біз халықаралық құқық және БҰҰ ұстанымы негізінде бейтараптықты ұстанамыз, - деді ол. 

Тілеуберді атап өткендей, Қазақстан ҰҚШҰ-ға мүше.

Бірақ ұйымнан ол жаққа әскер жіберуге құқығы жоқ. Ресеймен техникалық ынтымақтастық келісімі аясында да белгілі бір бағытқа әскер жіберу деген келісім жоқ. Ол техника сатып алу сынды келісімдерге байланысты, - деді министр.

Мұхтар Тілеуберді Украинада жағдай ушығып кетсе, ол елдегі дипломаттарды шығару мәселесіне қатысты да пікірін білдірді. 

Біздің дипломаттар сол жақта. Егер де соғыс басталып кететін жағдай болса, дипломаттарды эвакуациялау жоспары бар, - деді ол. 

Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин бір күн бұрын Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін тану туралы жарлыққа қол қойды. 

Өзгелердің жаңалығы