Түркияның Изник қаласында байрағын көтерген IV Дүниежүзі көшпенділер ойындарында көкпардан ел құрамасы А тобында екінші рет қарсыластарынан басым түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін дода төріне шыққан қос команда бірін-бірі бұрыннан жақсы білетін десек артық айтқандығымыз емес. Бұған дейін Астанада өткен Көкпардан тұңғыш Әлем чемпионатында да, Алматыда өткен жастар арасындағы алғашқы Азия біріншілігінде де тақым түйістірген.
Енді міне, Изникте із қалдырған IV Дүниежүзі көшпенділер ойындарында да өзара мықтыны анықтауға барын салды. Әрине, Қазақстан Ұлттық құрамасы көкпарда әзірге дес бермей келе жатқан бірден-бір құрама екенін ескерсек, Моңғолия құрамасының батылдығына тәнті болмасқа шара жоқ.
Не де болса, екі команда да тартысты ойын көрсетті. Дегенмен, мықтыны мықты деп мойындау керек, Қазақстан құрамасы алаңды еркін игеріп, көкпардың көрігін қыздырды. Есеп – 12:2. Жеңіс ел құрамасының еншісінде.
Салым салғандар:
Ұлан Байтөреев – 1 салым
Абылайхан Нышанбеков – 2 салым
Құрманбек Тұрғанбек – 1 салым
Ынтымақ Әліпбаев – 1 салым
Бақытжан Әзімбай – 1 салым
Дәулет Айтан – 1 салым
Арман Жамалбеков – 1 салым
Есжан Құрманбай – 1 салым
Ислам Рәт – 1 салым
Айнабек Бердіқұл – 1 салым
Әділет Мамыт– 1 салым
Ертең көкпар алаңына финалға шыққан қос команда кездеседі. Бұл көкпарсүйер көрерменнің көптен күткен дожасы. Яғни Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қырғызстан командасы арасындағы тартысты бәсеке болары сөзсіз.
Естеріңізде болса, бұған дейін біздің жігіттер Өзбекстан құрамасынан басым түскен болатын.