Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қоғамда орын алып отырған кейбір келеңсіздіктер өзекті өртейді. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жылдан-жылға көбеюі алаңдатпай қоймайды. Сондықтан да Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ербол Дүйсенбаевпен әңгімелескен едік.
– Ербол Мизанұлы, бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғаны жасырын емес. Мұның себебі неде? Отбасындағы тәрбие кемшін бе? Әлде оқу орындары олқылық танытып жатыр ма?
– Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Жалпы, жастар арасындағы қылмыс – қоғамды алаңдатқан айықпас дерт. Қанша тырыссаң да тамырына балта шабылмай келе жатқаны бәрімізге аян. Болашағымыз жас ұрпақтың қолында екенін ескерсек, төрткүл дүние бүгінгі жасөспірімдердің іс-әрекеттеріне, қылықтарына, тәрбиелеріне қарап елдігімізді бағалайды десек, артық айтқандық болмас. Қоғамның басты қозғаушы күші саналатын жастар мен жасөспірімдердің қылмысқа бармауына баршамыз жауаптымыз. Сондықтан мемлекеттік саясаттың бірден-бір өзекті де қажетті бағыттарының бірі – Қазақстанда ювеналды әділет жүйесін дамыту арқылы кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау. Бұл орайда, халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең бесігіңді түзе», «Бақытыңды басқадан іздеме, балаңнан ізде» деп бекер айтпаса керек-ті.
Расында, бір отбасы бақытына балайтын бала – егемен еліміздің ертеңгі егесі. Қай заманда болмасын, ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саналы, зерделі ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғамның қамын ойлау. «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анасыдан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген ұлы Абай атамыз.
Жасыратыны жоқ, болар істің байыбын бағамдамайтын кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар көптеп орын алуда. Олардың мұндай қадамдарының соңы сотта қаралуда. Қылмыстың аты қылмыс, ал оның өтеуі – жаза. Қылмыстық процестік кодексінің 307-бабында көзделгендей, кәмелетке толмағандарға қатысты істерді елімізде 2012 жылдан бастап құрылған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды.
– Сөз орайында, нақты цифрларға жүгініп көрсек. Былтырғы, бұрнағы жылдармен салыстыра әңгімелесеңіз, тіпті жақсы...
– Айтайын, Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты соңғы үш жылда қараған қылмыстық істердің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек. Мысалы, 2019 жылдың 12 айында 78 қылмыстық іс қаралса, оның 44-і кәмелетке толмағандарға қатысты. Яғни сотта қаралған қылмыстық істердің 43,5%-ын кәмелетке толмағандар жасап отыр.
Сотқа келіп түскен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істердің басым көпшілігі ауыр қылмыстар санатына жатады. Соған қарамастан, 26 кәмелетке толмағанға қатысты 20 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды, алайда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалмады. Ал қалғандары бойынша істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, олар қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Былтыр 92 тұлғаға қатысты 74 қылмыстық іс, оның ішінде 63 кәмелетке толмағанға қатысты 45 қылмыстық іс қаралды. Өзіңіз байқап отырғандай, әлемді шарлаған індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайға және пандемияға қарамастан кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 60,8%-ды құрап отыр. 26 кәмелетке толмағанға қатысты 25 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылып, оның ішінде 2 кәмелетке толмағанға қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ал қалғандары бойынша қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, кәмелетке толмағандар қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Сондай-ақ, биыл бес айда 30 тұлғаға қатысты 29 қылмыстық іс қаралды, оның ішінде 23 қылмыстық іс 24 кәмелетке толмағанға қатысты. Осы бес ай ішінде қаралған қылмыстық істердің 79,3%-ы кәмелетке толмағандарға қатысты болып отыр. 11 қылмыстық іс бойынша 12 кәмелетке толмағанға қатысты үкім шығарылды және оларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалмады.
Жоғарыда айтылған істердің барлығы тек сотта қаралғандары ғана. Ал Жамбыл облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасынан алынған мәліметке сүйенетін болсақ, 2019 жылы қылмыстық қудалау органдары кәмелетке толмағандар жасаған 153 қылмысты тіркесе, оның ішінде сотқа дейінгі сатыда ақталмайтын негіздер бойынша 107 іс тоқтатылды. Былтыр 111 қылмыс тіркеліп, 48-і тоқтатылған. Ал ағымдағы жылдың бес айында 38 дерек тіркелгені анықталып отыр.
– Бейнелі түрде айтқанда, бесіктен белі шықпаған балғындарды қаршадайынан темір торға тоғытқан дұрыс па?
– Ескере кететін жайт, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының міндеті қылмыс жасағандарды бірден жазаға тартып, темір торға тоғыту емес. Керісінше, соның салдарына терең үңіліп, тентектерді тезге салып, тәрбиелеу. Осы мақсатта облысымызда Дивергенция институты жүзеге асырыла бастады. Яғни, бұл институт – қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған тұлғаның ісі сот рәсімдеріне немесе сотқа жүгінусіз шешуді көздейді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған тұлғаның арына дақ түсірмеуге мүмкіндік беріп, оның оңалуын жеңілдетеді.
Экономикалық тұрғыдан ең тиімді әдістеме ретінде көрсеткен аталған институт Жамбыл облысында 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл институт жасөспірімдерді тәрбиелеу ісінде өзінің оң нәтижесін көрсетіп үлгерді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өңірдегі әр этномәдени орталықтармен меморандумға қол қойды. Осылайша, сот үкімімен жазаға тартылған және жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған кәмелетке толмаған тұлғалар пробациялық бақылауға алынып, оқудан бос уақыттарында осы орталықта қамтылған өнер және көркемдік үйірмелерге, спорттық секциялар мен өзге де танымдық клубтарға қатысуларына мүмкіндік алып отыр. Яғни этно-мәдени орталық өз дәстүріне қарай пробациялық бақылаудағы балаларды тәрбиелеуде. Бұл өз кезегінде, жаза басып қылмыс жасаған баланы темір торға тоғытпай-ақ жөнге салудың ең төте жолы. Менің ойымша, жәбірленушімен татуласуына немесе қылмыстық жауаптылыққа тартуға жасының жетпеуіне байланысты тоқтатылған істер бойынша да кәмелетке толмағандарды осы этномәдени орталықта қамтылған өнер және көркемдік үйірмелерге, спорттық секциялар мен өзге де танымдық клубтарға қатысуларын міндеттеу қажет сияқты.
– «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген де сөз бар. Соңғы уақытта кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің пайда болуы да жағамызды ұстатып отыр. Мұның алдын алу үшін қайтпек керек?
– Өкінішке қарай, Жамбыл облысында 16 жасқа толмаған қыздарымыздың жыныстық қатынасқа түсу деректері де азаймай келеді. Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық Кодекстің 122-бабының 1-бөлігімен соңғы үш жылда қаралған қылмыстық істердің статистикасына сүйенетін болсақ, 2019 жылы 25 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралса, өткен жылы 21 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ал ағымдағы жылдың бес айында 6 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған және басым көпшілігінде сотталушыларға қатысты айыптау үкімдері шығарылған. Сотталғандардың көбі – жәбірленушілермен азаматтық некеде тұратындар, оқу орындарында оқитындар немесе оқуын бітіріп жұмысқа тұрайын деп жүргендер.
Сотқа келіп түскен қылмыстық істерді қарау барысында кәмелетке толмағандарды қылмысқа итермелейтін себептердің көп екенін аңғаруға болады. Басты себеп – ата-ана тәрбиесі. Ата-ана әрдайым балаға демеу болып, оның қателіктерге жол бермеуін жіті қадағалап, тәрбие, білім беріп, толыққанды жетілдіріп, өмірлік қажеттіліктердің бәрімен қамтылуына жағдай жасап отырса, балалардың тәртіп бұзып, қылмыс жасауы анағұрлым азаяр еді. Дей тұрғанмен, сананы тұрмыс билеген бүгінгі қоғамда ата-ананың жұмысбасты болып, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуінің, ажырасуының, отбасылық толықсыздық пен материалдық жетіспеушіліктің салдарынан жасөспірімдер тура жолдан тайып, өзінің араласатын ортасының әсерінен де түрлі қылмыстық әрекеттерге барып жатыр.
Баланы еркелетсең де, еркінсітпеу керек. Арқасынан қағып мақтан ету бар да, сонымен қатар құйрығынан қағып тәрбие-бағыт беріп тұру бар. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, ақ пен қараның аражігін ажырата алмаған баладан әлбетте, еш қайыр күтпейсің. «Он үшінде бас» бола алмаған бала «басында ми жоқ, өзінде ой жоқтың» кебін киіп, сан соқпаққа ұрынады. Ашығын айтқанда, жасөспірімдердің ойланбай істеген әрбір ісі болашағына балта шабады.
Қарапайым ғана мысал, адам кез келген жұмысқа орналасу кезінде оның толық жеке басының тарихы, оның ішінде міндетті түрде соттылығы жөніндегі анықтамасы талап етіледі. Міне, осындай кезде оның әрбір жасаған теріс қылығы, қылмыс жасағаны, соттылығы тұлғалық қасиетіне кері әсерін тигізіп, өмірінің соңына дейін қаратаңба болып кедергі келтіретін болады. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген Абай сөзі осындайда ойға келеді. Ал енді, сондай тұрақты жұмысқа қол жеткізе алмағандар алдағы тағдырларында қайтадан қылмыс жасамасына кім кепіл?! Осындай күйзелістен шыға алмай, қайта қылмыс жасап, істі болып жатқандар да тәжірибеде кездеседі.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасында ерте үйленудің артында үлкен қылмыс жатқанын айта кеткен жөн. Олай дейтініміз, неке қиылған соң ер мен әйел ретінде жақындасады. Бұл өз кезегінде ашық қылмыс. Яғни бұл үшін адамдар заң алдында жауап береді. Айта кетерлігі, олардың ерте үйленгенін ешқандай мемлекеттік органдар уақытында білмейді. Дегенмен, қыздың аяғы ауырлап, медицина мамандарына жүгінгеннен кейін бұл жағдайдың беті ашылады. Мәселен, кәмелетке толмаған тұлғаны қараған медицина маманы бірден жауапты органға хабар беруге міндетті. Егер, медицина маманы бұл жағдаятты хабарламаса, өзі жауапкершілікке тартылады. Өз кезегінде бұл мәселе органға жеткеннен кейін міндетті түрде ісі сот қарауына жіберіледі. Соңында 16 жасқа толмағанмен жыныстық қатынасқа түскен адам заң алдында жауап береді.
Шындығында, қазіргі таңда көпшілік кәмелет жасына жетпей жыныстық қатынасқа түсіп, заң алдындағы жауапкершіліктен қашу үшін үйлене салуды ойлайды. Бірақ, мүлде олай емес. Қазіргі қоғам мұндай жалаң ойдан арылуы тиіс. Яғни кәмелетке толмай жатып жыныстық қатынасқа бару – қылмыс. Бұл үшін тіпті, тұлғалардың ата-аналарын да заң жауапқа тартатынын естен шығармағанымыз абзал. Расында, жыныстық сауаттылықтың төмен болуынан жоғарыда атап өткен қылмыс түрі азаймай отыр. Мұның алдын алу үшін мектептің жоғары сыныптарына, сондай-ақ орта және жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек. Олардың ойланбастан бір сәттік ләззаттарының соңы тағдырына балта шабатынын саналарына сіңіру ісі кезек күттірмейді.
Неліктен балта шабады деп отырмыз?! Себебі он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасаған тұлға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады. Егер бұл қылмыстарын қайталайтын болса, он жеті жылға дейін темір торға тоғытылады.
Қазіргі статистика үйленгендердің ішінде ажырасқандардың қарасы көп екенін айтып, дабыл қағуда. Әлбетте, бұл жаға ұстатарлық жағдай. Мұның да салдары сол – ойланбастан от басып, бір сәттік рақатқа бөлену. Түбі қыздың аяғы ауырлап, жауапкершіліктен басын алып қашу үшін үйлену. Шынайы махаббаттың жоқтығынан араға уақыт салып, қос тарап ажырасуды кұп көреді. Соңында бір отбасы ойран болып, ортада пайда болған бала жетім қалады. Иә, жетімін жылатпаған халықпыз. Сонда да бір рахаттың артында қаншама тағдырлар жатқанын ұмытпағанымыз жөн.
Кәмелет жасына толмай жыныстық қатынасқа бару мәселесіне жайдан-жай тоқталып жатқан жоқпыз. Шынында, жасөспірім балаларға жыныстық қатынас туралы сауатын арттыру халқымыздың менталитетіне сай келмейтін шығар. Солай екен деп аузымызды құрғақ шөппен сүртіп, «ұят» мәселесін бірінші орынға шығарып қойып, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Сол себептен он алты жасқа толмай жатып сексуалды әрекетке бару – үлкен қылмыс екенін жастардың саналарына сіңіріп отыру – баршаға ортақ іс. Сондықтан оның алдын алу жұмыстарын отбасынан бастап, білім беру мекемелеріне дейін толыққанды айналысуы тиіс.